Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде оқушыларға арналған АрхивSPACE білім беру жобасының жаңа маусымы басталды. Биылғы алғашқы қатысушылар – Мұхтар Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназиясының оқушылары. Олар архив жұмысымен танысып қана қоймай, өздерін жас зерттеуші ретінде сынап көрді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Биыл АрхивSPACE жобасының форматы жаңартылған. Бұрынғыдай тек экскурсиямен шектелмей, енді оқушылар Президент Архивінің жетекші мамандары өткізетін модульдік сабақтарға қатысады. Бұл тәсіл балаларға архивті тек көру емес, оның қалай жұмыс істейтінін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Архив – тек қағаз емес, технология
21 қаңтар күні 6-сынып оқушылары үш топқа бөлініп, архив қызметінің негізгі бағыттарымен танысты.

Бірінші топқа Цифрлық технологиялар және инновациялар қызметінің жетекші сарапшысы Әбілқайыр Болатбаев жетекшілік етті. Ол архивтің заманауи қырын көрсетіп, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің архив жұмысындағы рөлі туралы айтып берді.
«Балалар архивті көбіне қағазбен ғана байланыстырады. Біз цифрлық технологияның көмегімен ақпаратты қалай жылдам әрі тиімді пайдалануға болатынын көрсеттік. Жасанды интеллект үлкен көлемдегі мәліметтерді қысқа әрі нақты өңдеуге мүмкіндік береді», – деді ол.
Құжаттар қалай қалпына келтіріледі
Екінші топ Сақтауды қамтамасыз ету және мемлекеттік есепке алу қызметінің архившісі Айтолқын Аскербекпен бірге құжаттарды қалпына келтіру процесімен танысты. Оқушылар:
- бүлінген қағаздарды қалай қалпына келтіретінін,
- жапон қағазын қолдану тәсілдерін,
- арнайы желімдеу әдістерін,
- вакуум арқылы жабысып қалған парақтарды ажырату жолдарын өз көздерімен көрді.
Бұл бөлім балаларға архивтегі құжаттарды сақтау қаншалықты күрделі әрі жауапты жұмыс екенін көрсетті.
Архив – зерттеушілерге ашық кеңістік
Үшінші топты Архив ақпаратын ұсыну қызметінің аға сарапшысы Ақжан Исаева қарсы алды. Оқырман залында ол Президент Архивінің құрылу тарихы, қазіргі қызметі және архивте зерттеуші ретінде қалай жұмыс істеуге болатынын түсіндірді.
Сабақ соңында оқушылар алған білімдерін бекіту үшін шағын квизге қатысып, жобаға қатысқаны жөнінде АрхивSPACE сертификаттарын алды.
Оқушылардың әсері
6-сынып оқушысы Жанель Дүйсен алған әсерімен бөлісті:
«Бүгін біз сыныптастарымызбен Президент Архивіне келдік. Архивтің тарихи маңызы бізге айқын болды. Мұнда ата-бабаларымыздың өмірі мен еліміздің маңызды оқиғалары сақталған. Бұл орын бізге ерекше әсер қалдырды».
АрхивSPACE – тарихқа қызығушылықты арттыратын жоба
Айта кетейік, өткен жылы АрхивSPACE жобасына Астананың 13 мектебінен 322 оқушы қатысқан. Жоба аясында балаларға:
- Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына,
- Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына,
- Нығмет Нұрмақовтың 130 жылдығына және басқа да маңызды даталарға арналған тарихи-құжаттық көрмелер таныстырылды.

АрхивSPACE жобасы архивті жабық мекеме емес, ашық әрі заманауи білім алаңы ретінде көрсетіп, оқушылардың тарихқа, зерттеуге және технологияға қызығушылығын арттыруды көздейді.



