Субайлас емес, сотпен ашық диалог: ШҚО-да бизнес қандай даулармен жиі сотқа жүгінеді

1100
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Атамекен

Шығыс Қазақстан облысында сот пен бизнес арасындағы ашық диалог жалғасып келеді. ШҚО Кәсіпкерлер палатасы Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың судьяларымен бірлесіп жүзеге асырып келе жатқан «Сіздің құқығыңыз» құқықтық диалогы аясында кезекті кездесу өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл жолғы басқосу 2025 жылғы құқық қолдану тәжірибесінің қорытындыларына және Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне енгізілген маңызды өзгерістерге арналды.

Бір жылда 900-ден астам іс қаралған

ШҚО Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Ернар Амерхановтың айтуынша, 2025 жылы сотқа 836 әкімшілік іс түскен. Ал өткен жылдан қалған істерді қоса есептегенде, барлығы 916 іс қаралған.

Бұл статистика бизнес пен азаматтардың қандай мәселелермен жиі сотқа жүгінетінін анық көрсетеді.

Қандай даулар алдыңғы қатарда

2025 жылы сотқа түскен істердің басым бөлігі мына санаттарға тиесілі болған:

  • сот орындаушыларының әрекеттеріне дау айту – 282 іс немесе жалпы істердің 33,7 пайызы, оның ішінде 253 іс жеке сот орындаушыларына қатысты;
  • жер даулары – 105 іс (12,5%);
  • мемлекеттік сатып алулар саласындағы даулар – 66 іс (7,8%);
  • еңбек даулары – 26 іс (3,1%).

Сонымен қатар бірқатар бағыттар бойынша істер санының азайғаны байқалады. Атап айтқанда:

  • салық даулары – 80 іс (9,5%);
  • тұрғын үй даулары – 54 іс (6,4%);
  • мемлекеттік қызметтер саласындағы даулар – 33 іс (3,9%), оның 17-сі «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ-қа қатысты.

Талап-арыздардың қанағаттандырылуы неге азайды

Ернар Амерхановтың айтуынша, істерді қарау нәтижесінде талап-арыздардың 57 пайызы қанағаттандырылған. Бұл көрсеткіш алдыңғы кезеңмен салыстырғанда төмен.

«Талап қоюшылардың пайдасына шығарылған шешімдер үлесінің 73 пайыздан 57 пайызға төмендеуі мемлекеттік органдар жұмысының сапасының артуымен, қалыптасқан сот тәжірибесінің ескерілуімен және дауларды сотқа дейінгі тәртіпте реттеу тетіктерінің кеңінен қолданылуымен байланысты», – деді сот төрағасы.

Яғни, көптеген мәселе сотқа жетпей шешіле бастаған.

ӘРПК-дегі маңызды өзгерістер нені білдіреді

Кездесудің жеке бір бөлігі 2025 жылғы 17 желтоқсанда күшіне енген ӘРПК-дегі өзгерістерге арналды. Судья Махаббат Мағзумова бұл жаңашылдықтарды екі негізгі топқа бөлді.

Біріншісі – әкімшілік рәсімдерге қатысты өзгерістер, екіншісі – әкімшілік талап-арыздың жаңа түрін енгізу, яғни бағынысты нормативтік құқықтық актінің заңдылығына дау айту.

Судьяның айтуынша, егер әкімшілік актіде оны қалай және қайда шағымдануға болатыны көрсетілмесе, азамат немесе кәсіпкер ол актіге алты ай ішінде шағым түсіре алады.

Сонымен қатар енді азаматтар мен заңды тұлғалар өз құқықтары мен заңды мүдделерін бұзатын немесе бұзуы мүмкін бағынысты нормативтік құқықтық актілерді сот арқылы даулауға құқылы.

Егер мұндай акт заңсыз деп танылса, сот оның қай заңдарға қайшы келетінін көрсетіп, оны толық немесе ішінара жарамсыз деп таниды. Ал сот шешімі сол актіні қабылдаған органның қаражаты есебінен міндетті түрде жарияланады.

Неге бұл бизнес үшін маңызды

ШҚО Кәсіпкерлер палатасында «Сіздің құқығыңыз» жобасы сот пен бизнес арасындағы сенімді әрі ашық диалогтың тиімді алаңына айналғанын атап өтті.

«Мұндай кездесулер кәсіпкерлерге сот тәжірибесін тереңірек түсінуге, заңнамадағы өзгерістер туралы дер кезінде білуге, құқықтық сауаттылығын арттыруға және өз мүдделерін заңды жолмен қорғауға мүмкіндік береді», – деді Палата директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Айжан Жангирханова.

Диалог жалғасады

Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасы алдағы уақытта да сот органдарымен бірлескен құқықтық жобаларды жалғастыруды жоспарлап отыр. Мақсат – бизнес үшін ашық, түсінікті және болжамды құқық қолдану ортасын қалыптастыру.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -