Райымбек Баталов Ұлттық Құрылтай және мемлекеттік реформалардың логикасы туралы

1122
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Атамекен

Қызылорда қаласында Ұлттық Құрылтайдың V отырысы өтті. Соңғы жылдары бұл диалог алаңы мемлекеттік реформаларды әзірлеу мен іске асырудың маңызды институттарының біріне айналды. Бүгінде Құрылтай тек пікір алмасу емес, ел дамуының ұзақмерзімді бағдарын айқындайтын стратегиялық шешімдер қабылданатын алаң ретінде қалыптасты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Отырыстың қорытындысы бойынша пікір білдірген «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Райымбек Баталов Ұлттық Құрылтайдың рөлі айтарлықтай өзгергенін атап өтті.

Құрылтай - стратегиялық саясаттың өзегі

Райымбек Баталовтың айтуынша, қазіргі Ұлттық Құрылтай мемлекеттік саясатты жүйелі түрде «реттеп отыратын» маңызды нүктеге айналған.

«Бүгінде Құрылтай - жай ғана пікірталас алаңы емес. Бұл мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы ортақ түсінікті қалыптастыратын, ел дамуының мақсаттарын айқындайтын стратегиялық кеңістік», - деді ол.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайдағы сөзі Қазақстандағы реформалардың кездейсоқ емес, орнықты әрі қайтымсыз сипат алғанын анық көрсетті.

«Бұл жекелеген шешімдер жиынтығы емес, жауапкершілікке, әділдікке және жасампаз еңбекке негізделген тұтас даму стратегиясы. Бизнес үшін бұл - болжамды орта мен ұзақмерзімді айқын бағдарлар», - деп атап өтті ҰКП басшысы.

Экономика өсімі және кәсіпкерліктің салмағы

Президент өз сөзінде елдің негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне кеңінен тоқталды. Экономиканың 6,5 пайызға өсуі, жалпы ішкі өнім көлемінің 300 млрд АҚШ долларынан асуы, жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің рекордтық деңгейге жетуі және Орталық Азиядағы көшбасшылық позиция - қабылданған саясаттың нақты нәтиже беріп жатқанын көрсетеді.

Әсіресе шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесінің 40 пайызға жақындауы ерекше атап өтілді. Бұл кәсіпкерліктің ел экономикасының тірегіне айналып келе жатқанын білдіреді.

«Осы тұрғыда Ұлттық Құрылтай бизнес үшін аса маңызды. Себебі дәл осы алаңда мемлекеттің макроэкономикалық мақсаттары кәсіпкерлерге түсінікті ережелер мен нақты тетіктерге айналады», - деді Баталов.

«Адал азамат» және адалдық экономикасы

Ұлттық Құрылтайдағы басты идеялардың бірі - «Толық адам» тұжырымдамасымен үндесетін «Адал азамат» қағидаты болды. Президент бұл ұғымның философиялық емес, практикалық мәні бар екенін атап өтті.

Адал еңбек, Заңды құрметтеу және қоғам алдындағы жауапкершілік қазіргі заманғы экономиканың негізгі іргетасына айналуы тиіс.

«Бизнес үшін бұл - жаңа кәсіпкерлік мәдениетіне көшу. Мұнда адалдық, ашықтық пен жауапкершілік бәсекелестіктегі басты артықшылыққа айналады», - деді ҰКП басшысы.

Осы бағытта «Атамекен» ҰКП «адалдық экономикасын» қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Мұнда адал кәсіпкерлік, тең жағдайлар және ашық салық саясаты негізгі қағидат ретінде қарастырылады.

Сонымен қатар Президент «Таза Қазақстан» бастамасына да ерекше тоқталып, тазалық пен тәртіп іскерлік ортаға, инвестициялық тартымдылыққа және өңірлердің дамуына тікелей әсер ететінін атап өтті.

Салық реформасы - қысымсыз, диалог арқылы

Ұлттық Құрылтайда жаңа Салық кодексі де басты тақырыптардың біріне айналды. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін құжат «қақтығыссыз фискалдық транзит» қағидатына негізделген.

Бұл дегеніміз - шешімдерді директивті түрде емес, бизнес пен қоғамның пікірін ескере отырып қабылдау.

«Атамекен» ҰКП Салық кодексін әзірлеуге белсенді қатысып, түйткілді мәселелерді мемлекеттік органдармен бірлесіп талқылап келеді. Нәтижесінде салықтық әкімшілендірудің сервистік моделі енгізіліп, есептілік айтарлықтай қысқарды.

«Салық саясаты бизнесті тұншықтырмай, керісінше дамуын ынталандыруы тиіс», - деді Баталов.

Еңбек адамы және кадр мәселесі

Президент көтерген тағы бір маңызды мәселе - еңбек адамының беделін арттыру. Бұл бағытта «Атамекен» ҰКП техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды жалғастырып келеді.

9,5 мыңнан астам кәсіпорынды қамтыған дуальды оқыту жүйесі, «Жұмыс орнындағы тәлімгер» кәсіби стандарты және біліктілікті тану орталықтары бизнеске кадр даярлау процесіне тікелей қатысуға мүмкіндік беріп отыр.

Бұл еңбек нарығы мен нақты сектор арасындағы байланысты күшейтеді.

Цифрландыру мен жасанды интеллект - нақты нәтиже талабы

Ұлттық Құрылтайда цифрландыру мен жасанды интеллект те назардан тыс қалған жоқ. Президент бұл бағытта ұран емес, нақты нәтиже қажет екенін айтты.

«Атамекен» ҰКП іске қосқан «Бизнестің цифрлық картасы» кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шараларына қолжетімділікті жеңілдетеді. Мемлекеттік ақпараттық жүйелермен және жасанды интеллект құралдарымен интеграция бюрократияны азайтып, ашықтықты арттырады.

Сонымен қатар «Алтын сапа» ұлттық сыйлығына «Цифрлық дамудың үздік жобасы» номинациясының енгізілуі нақты сектордағы инновацияларды ынталандыруға бағытталған.

Өңірлер және ұлттық бизнесті қорғау

Ұлттық Құрылтайда өңірлік даму мен отандық бизнесті қорғау мәселесіне де ерекше мән берілді. «Атамекен» ҰКП жүзеге асырып отырған «Іскер Аймақ» бағдарламасы ауылдық және шекаралық өңірлерді дамытуға, шағын және микробизнесті қолдауға бағытталған.

Бағдарлама өңірлердің нақты өндірістік әлеуетін ескере отырып, мамандануын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Ұлттық мүддені қорғау мен отандық бизнесті қолдау - бәсекеге қабілетті экономиканың негізі», - деді Баталов.

Қорытынды: стратегиядан іске

Ұлттық Құрылтайдың V отырысы реформалардың жүйелі әрі нәтижелі жалғасып жатқанын көрсетті. «Атамекен» ҰКП алдағы уақытта да заңнаманы жетілдіру, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және тиімді шешімдерді өңірлерде кеңінен енгізу жұмысын жалғастырмақ.

«Палата мемлекеттің стратегиялық шешімдері мен нақты экономиканың арасындағы сенімді көпір болып қала береді», - деп түйіндеді Райымбек Баталов.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -