ҚР Ұлттық кітапханасында ғылыми ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Қазақстан қолжазбашылар қауымдастығының V отырысы өтті. Іс-шара барысында тарихи қолжазбаларды сақтау, зерттеу және оларды ұлттық мәдениет игілігіне пайдалану мәселелері талқыланды.

Жиында ҚР Ұлттық кітапханасы мен «Ғылым ордасы» мекемесі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Аталған құжат екі ұйым қорын тиімді пайдалану және бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын дамытуды мақсат етеді.

Сонымен қатар қатысушыларға парсы тіліндегі қолжазбалардың тарихы жөнінде баяндама оқылып, 1870–1917 жылдар аралығында шыққан «Түркістан уәлаятының газеті» басылымының көшірмелері кітапхана қорына тапсырылды.

Бұл басылымдарда қазақ халқының тарихына қатысты материалдар қамтылған.
