V Ұлттық құрылтайда қабылданған шешімдер аясында Көлік министрлігі елдің автожол инфрақұрылымын жаңғырту мен транзиттік әлеуетін дамытуға бағытталған Президент тапсырмаларын орындауға кірісті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қызылорда – Жезқазған автомобиль жолы жобасын іске асыру аясында жалпы ұзындығы 400 шақырымды құрайтын жолдың Қызылорда облысы аумағындағы 192 шақырымының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған 208 шақырымда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Аталған жолда 2026 жылдың соңына дейін көлік құралдары үшін қозғалысты толық ашу жоспарланған.
2026 жылдан бастап бірқатар ірі автожол жобаларын іске асыру жоспарланған. Атап айтқанда, халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі бойындағы Қызылорда – Ақтөбе бағытында төрт жолақты жаңа автомагистраль салынып, сондай-ақ, Қарағанды – Жезқазған автомобиль жолын кезең-кезеңімен төрт жолаққа дейін кеңейте отырып салу көзделген. Бұдан бөлек, елдің оңтүстігіндегі көлік ағындарын азайту мақсатында Сарыағаш қаласын айналып өтетін жол салу жобасы жүзеге асырылады. Аталған жобаларды іске асыру «толық цикл» («под ключ») қағидаты бойынша қарастырылған.
Қазіргі кезеңде халықаралық қаржы ұйымдарымен келісімдерге қатысты дайындық жұмыстары толық аяқталды. Қазір конкурс рәсімдері өткізіліп жатыр, ал құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылдың екінші жартысында басталады деп жоспарланып отыр.
Жалпы ұзындығы 500 шақырым жоғары болатын Бейнеу – Сексеуіл автожолы жобасы ерекше бақылауда. Бүгінде техникалық-экономикалық негіздеме дайындалып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынған. Барлық рәсімдер аяқталғаннан кейін жобаны іске асыру жұмыстары басталмақ.
Автожол жобаларының жүзеге асырылуы Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің қатаң бақылауында.