Алматы облысындағы Кеген ауданы – табиғи әлеуеті жоғары, еңбексүйгіш халқы бар өңір. Бүгінде аудан сапалы жаңғыру кезеңін бастан өткеріп жатыр. Экономикадан бастап әлеуметтік салаға дейінгі өзгерістердің өзегі – тұрғындардың нақты сұранысы мен жүйелі даму, деп хабарлайды DKNews.kz.
Аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаевтың айтуынша, жергілікті биліктің жұмысында «еститін мемлекет» қағидаты, инвестиция тарту және инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңарту негізгі бағыт ретінде алынған.
Gov
«Мәселелер картасы» – формальдылық емес, нақты жоспар
Аудан әкімдігі үшін басты тиімділік көрсеткіштерінің бірі – 193 тұрғынның өтініші негізінде жасалған «Мәселелер картасы». Бұл жай тізім емес, нақты мерзімі мен қаржыландыру көздері көрсетілген іс-қимыл жоспары.
Қазіргі таңда 60-тан астам мәселе шешімін тапқан, қалғаны орындалу сатысында немесе жақын уақытта қаржыландырылмақ. Мұндай тәсіл бюджетті көзсіз емес, тұрғындардың нақты сұранысына сай жұмсауға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының тірегі
Кеген ауданы үшін ауыл шаруашылығы әлі де басты сала болып қала береді. 2025 жылдың алғашқы 10 айында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 29,7 млрд теңгеден асты.
Мал басы да тұрақты өсіп келеді:
- ірі қара – 53 мың бастан асады;
- қой мен ешкі – 240 мыңға жуық.
2025 жылы «ҚазАгроҚаржы» арқылы шаруалар 31 бірлік заманауи ауыл шаруашылығы техникасын 411 млн теңгеге сатып алды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп.
Depositphotos
Су бар жерде – өнім бар
Ауданда ирригацияға ерекше мән беріліп отыр. Қазір Кумтекей, Қарқара, Мөнкебай және басқа да тоғыз магистральды каналдың құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жобалардың жалпы құны – 16,8 млрд теңге.
Нәтижесінде 9 мың гектардан астам суармалы жер айналымға енгізіліп, тиімді пайдаланылады. Бұл ауыл шаруашылығының табыстылығына тікелей әсер етеді.
royalplasticindustry.com
«Ауыл аманаты» – ауылдағы әлеуметтік лифт
«Ауыл аманаты» бағдарламасы кегендіктер үшін нақты мүмкіндікке айналды. Ауданда 38 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, оның 15-і жеңілдетілген несие алды.
Мақұлданған жобалардың жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеден асты. Бұл шағын шаруашылықтарға бірігіп, өнімді өңдеу мен нарыққа шығудың жаңа деңгейіне көтерілуге жол ашты.
Jambylinfo.kz
Инвестициялық серпіліс
2025 жыл Кеген ауданы үшін инвестициялық серпіліс жылы болды. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі екі еседен астам өсіп, 9,8 млрд теңгеге жетті.
Ауданның инвестициялық портфелінде 12 стратегиялық жоба бар. Жалпы құны – 24,9 млрд теңге. Маңызды жобалардың қатарында:
- Ақтасты ауылындағы «Кеген Мяспром» ет комбинаты (2,5 млрд теңге, ауысымына 10 тонна өнім);
- «Кеген Гидро» және «Осирис Энерго» мини-ГЭС жобалары (жалпы қуаты 14 МВт);
- «Слава Мұнай Сервис» компаниясының кен орындарын игеру жобасы (4,6 млрд теңге);
- жүн мен тері өңдейтін MERGEN HOLDING кәсіпорны.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Туризм – өңірдің жаңа тынысы
Кеген ауданы – Алматы облысының туристік қақпасы. «Көлсай көлдері» ұлттық паркі өткен жылы 589 мың туристі қабылдап, рекорд жаңартты.
Туризм инфрақұрылымын дамыту да қатар жүріп жатыр. Жоспарда:
- Қара Шатқал аумағында аспалы көпір салу (1,5 млрд теңге);
- жаңа қонақ үйлер;
- Compass және Gassoil жобалары аясындағы жанармай құю стансалары.
© Sputnik / Кәмшат Әбдірайым
Сонымен қатар Қырғызстанмен шекарадағы өткізу бекеті арқылы 187 мыңнан астам адам өткен, бұл трансшекаралық туризмді жандандырып отыр.
Ауызсу, жол және тұрғын үй
Бүгінде аудан халқының басым бөлігі орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. 2025 жылы 10 ауылда жұмыстар жүргізіліп, Мынжылқы мен Мойнақ сияқты шалғай елді мекендерде ұңғымалар қазылып, модульдік сүзгілер орнатылды.
Ұзындығы 775 шақырымды құрайтын жол желісі кезең-кезеңімен жөнделуде. Соңғы бір жылда 2 млрд теңге алты округтегі ішкі жолдарды жөндеуге бағытталды.
Тасашы, Талды және Кеген ауылдарында жұмыстар аяқталды. Ал Қайыңды көліне апаратын жолдың күрделі жөндеуіне 982 млн теңге бөлініп, туристер үшін жол әлдеқайда қауіпсіз әрі ыңғайлы болды.
Karola G/Pexels
Білім, медицина және мәдениет
Аудандағы 30 мектепте 5 мыңға жуық оқушы білім алады. Былтыр Тоғызбұлақ, Жалаулы және Кіші Қарқара ауылдарындағы мектептерде жөндеу жүргізілді. Бастауыш сынып оқушыларының барлығы тегін ыстық тамақпен қамтылған.
Денсаулық сақтау саласында Кеген ауылында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды. Ұлттық жоба аясында алты ауылда жаңа медициналық пункттер мен амбулаториялар салынуда.
Мәдени өмір де жанданып келеді. Жалагаш пен Жылысай ауылдарында жаңа мәдениет үйлері бой көтерді, Қарабұлақта күрделі жөндеу аяқталды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Аудандық «Кеген» халық театры жаңа қойылымдарымен көрерменді қуантса, Қарқара жайлауында өткен «Қымызмұрындық» республикалық фестивалі 10 мыңнан астам қонақты жинап, ұлттық дәстүрлерді кеңінен насихаттады.
Gov
Нәтиже бар жерде – болашақ бар
Кеген ауданы бүгінде мемлекеттік бағдарламалар нақты іске асатын аумаққа айналып келеді. Даму бюджетінің өсуі, жеке инвестициялардың келуі және инфрақұрылымдық мәселелердің жүйелі шешілуі өңірдің болашағына берік негіз қалыптастырып отыр.