Астанада Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов туристік индустрия өкілдерімен кездесу өткізді. Жиынға салалық қауымдастықтардың басшылары, туризм бизнесінің өкілдері, квазимемлекеттік ұйымдар және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Кездесу «Туризм саласын дамыту тұжырымдамасын» жаңарту және саланы дамытуға бағытталған негізгі басым бастамаларды іске асыру аясында өтті.

«Бүгінгі кездесу ашық әрі мазмұнды диалог жүргізуге мүмкіндік береді. Біз үшін сала мамандарының пікірін тыңдау және нақты нәтижеге жұмыс істейтін шешімдерді бірлесіп айқындау маңызды», – деді Ербол Мырзабосынов.
Талқылау барысында Тұжырымдаманы жаңарту қолданбалы сипатта болуы, өңірлік ерекшеліктерді және нарықтың нақты сұраныстарын ескеруі қажет екені айтылды. Сондай-ақ жаңа іс-қимыл жоспарын қалыптастыруға бизнес пен салалық бірлестіктерді кеңінен тартуға ерекше назар аударылды.

Кездесудің маңызды бөлігі «сұрақ-жауап» форматында өтті. Қатысушылар қонақ үй қорының жеткіліксіздігі, білікті кадрлардың тапшылығы, көлік қолжетімділігі және инвестиция тарту сияқты саланың өзекті мәселелерін көтерді. Бизнес өкілдері мемлекеттік қолдау шараларын күшейту және министрлікпен серіктестікті одан әрі дамыту бойынша ұсыныстарын да білдірді.

Кездесу қорытындысында ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетіне туристік инфрақұрылымды дамыту, кадрлық әлеуетті нығайту, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, сондай-ақ туристік жобаларды іске асыруға жергілікті атқарушы органдардың қатысуын қамтамасыз ету бағыттары бойынша нақты тапсырмалар берілді.