Астана қаласының спортшылары 2025 жылы 1400 жарысқа қатысып, 5 мыңнан астам медаль жеңіп алды, деп хабарлайды DKNews.kz.


Қалада бұқаралық спортпен айналысатындар саны 627 мың адамға жетті. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов мәлім етті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

«2025 жыл елорданың спорт саласы үшін мазмұнды әрі нәтижелі кезең болды. Осы уақытта спортшыларды қолдау жүйесі күшейтіліп, инфрақұрылымды дамыту бағытында нақты қадамдар жасалды. Алдағы жылдары да халықаралық деңгейдегі ірі жарыстарды қабылдау арқылы қаланың спорттық әлеуетін арттыруды жалғастырамыз», – деді басқарма басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, қалалық спорт басқармасына қарасты 19 ведомстволық ұйым жұмыс істейді. Бұл мекемелерде шамамен 15 мың спортшы мен 1 298 жаттықтырушы тіркелген. Балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту мақсатында елордада 10 спорт мектебі жұмыс істейді. Аталған мектептерде 62 спорт түрі қамтылған, оның 39-ы олимпиадалық бағытқа жатады. Қазіргі таңда бұл ұйымдарда 9 мыңға жуық бала тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Сонымен қатар, жоғары нәтижеге қол жеткізуі мүмкін 310 спортшы ай сайын қаржылай қолдауға ие.

Азамат Ағзамов өз сөзінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қолдау да жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын айрықша атап өтті. Қалалық спорт басқармасына қарасты «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде иппотерапия арқылы балаларды оңалту сабақтары өткізіледі. Өткен жылы бұл бағдарламамен 1,5 мыңға жуық бала қамтылған. Ал «Елорда» мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған спорт клубында 632 спортшы мен 45 жаттықтырушы бар. Мұнда бейімделген спорттың 33 түрі дамытылып, тірек-қимыл аппараты, көру, есту және интеллектуалдық ерекшеліктері бар азаматтармен жұмыс жүргізіледі.

2025 жылы астаналық спортшылар 475 халықаралық және 925 республикалық жарысқа қатысып, жалпы саны 5 000-нан астам медаль жеңіп алды. Оның ішінде 2 166 алтын, 1 804 күміс және 1 974 қола бар. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасындағы Спартакиадада бірінші орын, Қысқы Спартакиада мен Қазақстан Республикасының Жастар ойындарында екінші орын иеленді. Бұдан бөлек, Қысқы Азия ойындары, әлем және Азия чемпионаттарында елордалық спортшылар жүлделі орындарға қол жеткізді.


Қалада спорттық инфрақұрылымды кеңейту жұмысы қарқынды жүргізілуде. Бүгінде Астанада 800-ден астам спорт нысаны жұмыс істейді, оның ішінде 36 ірі спорт кешені бар. 1000 адамға шаққанда спорт инфрақұрылымымен қамту деңгейі 50,3%-ды құрайды. Өткен жылы аулаішілік 60 спорт алаңы пайдалануға беріліп, Нұра, Алматы және Есіл аудандарында жаңа футбол, жаттығу және стрит-воркаут алаңдары салынды.
Сонымен қатар, жеке инвестициялар есебінен Alpha Gym, Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені және Ozen Fitness пайдалануға берілді. 2025 жылы инклюзивті орталық ашылып, Орталық саябақтағы шаңғы базасының құрылысы аяқталды. Қазіргі уақытта «Қазақстан» спорт кешені мен Қажымұқан Мұнайтпасов атындағы стадионды қайта жаңғырту жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, Есіл ауданында жабық мұз айдыны мен көркем гимнастика залының қосымша ғимараты салынып жатыр.

Астанада салауатты өмір салтын ұстанатын тұрғындар саны 627 057 адамға жетті, бұл қала халқының 43,6%-ын құрайды. 2025 жылы елордада 930 спорттық іс-шара өтті. Оның ішінде 143 халықаралық, 165 республикалық және 622 қалалық жарыс ұйымдастырылды. Жыл ішінде 28-ден астам жүгіру жарысы мен марафон, 11 веложарыс өткізілген.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тұрғындар үшін тегін спорттық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «AULA FIT», йога, скандинавиялық жүріс, «Funny Sport» және «Астана – есірткісіз қала» жобалары іске асырылып келеді. Бұл бастамалар 30 аула спорт алаңы мен 6 қалалық паркті қамтып отыр. Сонымен қатар, допингтің алдын алу, буллингке қарсы және интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытында профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Алдағы жылдары Астана ірі халықаралық спорттық жарыстарды қабылдауды жалғастырады. 2026 жылы қалада «Болашақ ойындары» және жүзуден Әлем кубогының финалдық кезеңі өтеді. Ал 2027 жылы бокс, дзюдо, таэквондо, үстел теннисі және ауыр атлетикадан әлем чемпионаттарын өткізу жоспарланған.
Сондай-ақ, 2026 жылы Италияда өтетін Қысқы Олимпиада ойындарына Астанадан төрт спортшы қатысады. Олар шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және конькимен жүгіру спорт түрлерінен ел намысын қорғайды.
Қысқы Олимпиадада ел намысын қорғайтын елордалық спортшылар:
• Абзал Әжіғалиев — шорт-трек бойынша Қазақстан ұлттық құрамасының жетекші спортшыларының бірі. Ол 500 метр қашықтықта және аралас эстафетада өнер көрсетеді. Бұл — спортшының төртінші Олимпиада ойындарына қатысуы;
• София Самоделкина — әйелдер арасындағы жеке мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан атынан сынға түседі;
• Елизавета Голубева және Кристина Силаева — конькимен жүгіру спорт түрі бойынша жарыстарға қатысады.