Елнұр Бейсенбаев отбасын ер мен әйелдің тең әрі жауапты одағы ретінде бекіту қажет дейді.
Астанада өтіп жатқан Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында Парламент Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев жаңа Конституцияда отбасы мен неке ұғымдарын күшейтіп, оларды тек ер мен әйелдің арасындағы тең, ерікті және өзара жауапкершілікке негізделген құндылық ретінде нақты бекітуді ұсынды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Депутаттың айтуынша, бұл мәселе тек құқықтық формулировкаларға қатысты емес, елдің болашағына тікелей әсер ететін стратегиялық таңдау.
Конституция - болашаққа берілген жауап
Елнұр Бейсенбаев Конституцияны жай ғана заңдар жиынтығы емес, «Біз халық ретінде кімбіз және еліміздің ертеңін қалай елестетеміз?» деген басты сұраққа жауап беретін құжат деп атады.
Осы тұрғыда Конституцияны жаңарту кезінде отбасы тақырыбын талқылау - Қазақстанның болашағы туралы әңгіме қозғаумен тең.
Ол сөзінде қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөзін еске салды.
Депутаттың айтуынша, бесігі берік елдің ертеңі де нық, ал «бесікті түзеу» - болашақ ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілік.

Отбасы құндылықтарын Конституцияда бекіту не үшін керек
Бейсенбаевтың пікірінше, ел боламыз десек, ең алдымен ұрпақ тәрбиесіне, ұлттық сана мен рухани негіздерге айрықша мән беруіміз қажет.
Осы себепті ол Ата заңда отбасы мен неке сияқты қастерлі ұғымдарды күшейтіп, ер мен әйелдің рөлін, олардың өзара жауапкершілігі мен қарым-қатынасын нақты айқындайтын уақыт келгенін айтты.
Қоғамға қауіп төндіретін үрдістер бар
Депутат қоғамда дәстүрімізге, адам табиғатына және ұлттық болмысқа қайшы келетін құндылықтарды насихаттайтын құбылыстар аз емес екенін атап өтті.
Оның сөзінше, бұл жай ғана әлеуметтік мәселе емес, ұлттың болашағына төнген нақты қауіп.
«Сондықтан Адам ата мен Хауа ананың жаратылысына тән, әке мен ананың заңды әрі құқықтық қарым-қатынасына негізделген дәстүрлі отбасын Конституцияда нақты бекіту қажет», - деді ол.
Бұл, депутаттың айтуынша, отбасыға адалдықты сақтау, ортақ балаларды дұрыс тәрбиелеу және отбасын мемлекеттің негізін қалайтын басты институт ретінде қорғау деген сөз.
Неке ұғымын нақтылау неге маңызды
Елнұр Бейсенбаев қазіргі Конституцияда отбасыны, ана мен баланы қорғау кепілдіктері бар екенін, алайда некенің нақты анықтамасы жоқ екенін атап өтті.
Оның айтуынша, әлемде негізгі ұғымдардың бұлыңғырлануы тек отбасы институтының әлсіреуіне емес, қоғамның моральдық бағдарынан айырылуына да алып келіп отыр.
Депутат халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, көптеген елдердің Конституцияларында отбасы мен неке ұғымдары нақты айқындалғанын айтты. Тіпті басқару жүйесі әртүрлі мемлекеттердің өзінде отбасы екінші кезектегі мәселе емес, қоғамның іргетасы ретінде қарастырылады.
Демография, сабақтастық және ұлттық дәстүр
Осыған байланысты Ата заңда некенің тек ер мен әйелдің арасындағы одақ екені, оның балалар мен мемлекетке болашақ сыйлайтыны нақты бекітілуі ұсынылды.
Бейсенбаевтың айтуынша, мемлекеттің негізі - адам, ал адам табиғатына қарсы келетін құбылыстар қоғамды әлсіретеді. Сондықтан бұл мәселеде консервативті ұстаным - дәстүрлерді, адам болмысын және тарихи қалыптасқан құндылықтарды қорғау.
Ол Конституцияда демографияны, ұрпақтар сабақтастығын және ұлттық дәстүрлердің сақталуын қамтамасыз ететін нормалар көрініс табуы тиіс екенін атап өтті.
Теңдік пен еріктілік - әділетті қоғамның тірегі
Депутат ер мен әйел арасындағы некеде еріктілік пен теңқұқықтылық қағидаттарын бекіту формалды норма емес екенін ерекше атап өтті.
Бұл Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құру стратегиясын іске асырудағы маңызды қадамдардың бірі.
Оның айтуынша, «заң мен тәртіп» қағидаты сот залдарынан емес, әрбір үйдің табалдырығынан басталуы тиіс.
Теңдікке негізделген отбасы - салауатты азаматтық қоғамның ең берік тірегі.
Ұлы дала дәстүріне қайта оралу
Сөз соңында Елнұр Бейсенбаев Ұлы дала мәдениетіндегі әйелдің жоғары мәртебесін еске салды. Оның пікірінше, бүгін ұсынылып отырған нормалар өткенге қайту емес, керісінше, адамға құрмет пен қадір-қасиетті басты орынға қойған ата-бабалардың озық дәстүрлеріне қайта оралу.
Әрбір жұбай үшін құқықтық кепілдіктер жасау арқылы бірлік, әділдік пен заңды ең жоғары құндылық санайтын берік ұлттың негізі қаланады, деді депутат.