Қазақстан азаматтарын Кореяда заңды түрде жұмысқа орналастыру үшін жағдай жасап жатыр

1122
Фотосурет: Gov

Қазақстан Оңтүстік Кореяның Employment Permit System (EPS) жүйесіне қосылуға бір қадам жақындады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл жүйе Қазақстан азаматтарына Корея Республикасында заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Еңбек көші-қоны саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту аясында 2026 жылғы 21 қаңтарда Алматы қаласына Корея Республикасының Жұмыспен қамту және еңбек министрлігінің делегациясы келді.

Сапардың негізгі мақсаты — Қазақстанда EPS орталығын ашу мүмкіндігін бағалау үшін инфрақұрылымның дайындық деңгейін зерделеу. Дәл осындай орталықтар еңбек мигранттарын ашық әрі бақылауда іріктеуді қамтамасыз етіп, делдалдар мен заңсыз схемаларды болдырмауға мүмкіндік береді.

EPS жүйесіне қосылудың үш кезеңі

EPS жүйесіне қосылу рәсімі үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең — ел ішіндегі келісу рәсімдері. Екінші кезең — EPS орталығын ашу үшін белгіленген нысандармен танысу және оларды тексеру. Үшінші кезең — Корея Республикасының Ведомствоаралық комиссиясының түпкілікті шешім қабылдауы.

Қазіргі уақытта Қазақстан алғашқы кезеңнен сәтті өтіп, екінші кезеңге кірісті. Аталған сапар аясында корей тарапы Алматы қаласындағы, сондай-ақ Алматы облысындағы нысандарды инспекциялауда. Тексеру қорытындысы бойынша елдің EPS орталығын іске қосуға дайындық деңгейі бағаланады.

Қазақстанды EPS жүйесіне қосу туралы түпкілікті шешім барлық кезеңдер толық аяқталғаннан кейін қабылданатын болады.

Заңды әрі қауіпсіз еңбек көші-қонына басымдық

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүдделі орталық мемлекеттік органдармен, сондай-ақ Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдіктерімен бірлесіп, Корея Республикасында заңсыз жұмыс істеп жүрген Қазақстан азаматтарының санын кезең-кезеңімен азайту жөніндегі Іс-қимыл жоспарын әзірледі.

Бұл жоспарды іске асыру қазақстандықтардың шетелде заңды әрі қауіпсіз жұмысқа орналасуына жағдай жасауға, заңсыз көші-қонның алдын алуға және еңбек мигранттары үшін тәуекелдерді төмендетуге бағытталған. Ұзақ мерзімді перспективада бұл Қазақстанды EPS жүйесіне қосу жолындағы маңызды дәлелдердің біріне айналуы тиіс.

Сарапшылардың пікірінше, EPS жүйесіне қосылу еңбек көші-қонына деген көзқарасты түбегейлі өзгертіп, оны барынша ашық, қорғалған әрі азаматтар мен мемлекет үшін тиімді тетікке айналдыруы мүмкін.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -