Депутат сапалы ойды қорғау жалған ақпаратпен күрестің ең тиімді жолы екенін айтты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қоғамды кемел оймен, жүйелі сөзбен және еркін пікірмен дамыту - елдің ұзақмерзімді табысының басты шарты. Ғылым, мәдениет, инновация мен рухани қуат тек ой еркіндігі бар ортада ғана қалыптасады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, шығармашылық, ғылыми және инновациялық жобаларды қолдау декларациямен шектелмеуі керек. Ол нақты құқықтық және институционалдық тетіктер арқылы іске асуы тиіс.

Пайдалы ой тасада қалып қояды
Депутат бүгінгі қоғамда алаңдататын үрдіске назар аударды. Салмақты, жауапты және қоғамға пайдалы пікір айтатын азаматтардың ойы кейде елеусіз қалса, жеңіл-желпі сөздер мен жалған ақпарат өте жылдам тарайды.
«Бұл құбылыс қоғамның интеллектуалдық дамуына кері әсер етеді. Сондықтан Конституциялық реформа аясында шығармашылық еркіндікті тек жариялап қана қоймай, оны нақты қорғайтын және қолдайтын нормаларды бекіту қажет», - деді Мұрат Әбенов.
Сөз бостандығы нақты мазмұнға ие болуы керек
Әбенов Конституцияда сөз бостандығы мен шығармашылық еркіндіктің мазмұнын нақтылап көрсету маңызды екенін айтты. Оның пікірінше, бұл сын айтуға, жаңа идеялар ұсынуға және қоғамдық пікір қалыптастыруға берік құқықтық негіз болады.
Депутаттың айтуынша, еркін ой тек рұқсат етілген ұғым емес, қоғамды алға сүйрейтін тетік ретінде танылуы тиіс.
Зияткерлік меншік - экономикалық құндылық
Мұрат Әбенов зияткерлік меншік құқығын қорғауды Конституция деңгейінде күшейту қажеттігін ерекше атап өтті. Оның сөзінше, шығармашылық еңбек тек рухани емес, нақты экономикалық және қоғамдық құндылық ретінде мойындалуы керек.
Сонымен қатар, мемлекет шығармашылық және ғылыми қызметке жағдай жасауға міндетті деген қағидатты бекіту маңызды. Бұған қоса, қоғамдық маңызы бар идеяларды қолдайтын және сапалы контентті ынталандыратын жүйе қалыптастыру қажет.
«Бұл - жалған ақпаратпен күрестің ең тиімді жолы», - деді депутат.
Жастар идеясы - ел дамуының ресурсы
Шығармашылық еркіндікке нақты кепілдік берілген елдерде ғылым, мәдениетпен қатар экономика да қарқынды дамып отырғанын айтқан Мұрат Әбенов жастардың идеялары ел дамуына нақты үлес қосуы тиіс екенін атап өтті.
Оның пікірінше, жас буынның ойы естіліп қана қоймай, іске асатын тетікке айналуы қажет.

Ел болашағына қатысты мәселе
Сөз соңында депутат шығармашылық еркіндік пен зияткерлік меншікті қорғау Конституциялық реформаның негізгі өзегіне айналуы тиіс екенін айтты.
«Бұл мәселе тек құқықтық салаға ғана қатысты емес. Ол елдің интеллектуалдық қауіпсіздігі мен болашағына тікелей әсер етеді», - деп түйіндеді Мұрат Әбенов.