Астанада Конституциялық комиссияның екінші отырысы өтіп жатыр. Күн тәртібінде - елдің Негізгі заңына енгізілуі мүмкін өзгерістерге қатысты азаматтар мен сарапшылардан келіп түскен ұсыныстар. Комиссия жұмысы ашық форматта ұйымдастырылған: барлық талқылаулар онлайн көрсетіліп, процесті кез келген адам тікелей эфирде бақылай алады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл жолы талқылау бұрынғыдан да мазмұнды. Отырысты модерациялаған Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының төрайымы Эльвира Азимова комиссияға екі мыңнан астам ұсыныс түскенін айтты. Барлық ұсыныстар жүйеленіп, біртұтас Жинақталған кестеге енгізілген.
Оның айтуынша, мұндай белсенділік қоғамның ға бейжай қарамайтынын көрсетеді.
«Азаматтар мен сарапшылардың белсенді қатысуы конституциялық өзгерістердің қоғамдық маңызын айқын көрсетеді. Бұл - қоғам үшін шын мәнінде маңызды тақырып», - деді Эльвира Азимова.
Төрайым атап өткендей, комиссия жұмысының ашық форматта өтуі реформаның басты қағидатын айқындайды.

«Мұндай диалог форматы реформаның негізгі мәнін көрсетеді: конституциялық реформа ең алдымен халықтың мүддесі үшін және оның тікелей қатысуымен жүргізіледі», - деді ол.
Екінші отырыс аясында үш негізгі спикердің баяндамалары тыңдалады. Олардың қатарында әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров және Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева бар. Олар 2025 жылдың қазан айынан бастап келіп түскен ұсыныстар негізінде әзірленген құқықтық тәсілдер мен ықтимал түзетулерді ұсынады.
Сарапшылардың айтуынша, дәл осы кезең - реформаның ең маңызды сәттерінің бірі. Себебі қоғамнан түскен идеялар мен ұсыныстар енді нақты құқықтық нормаларға айналу немесе қабылданбай қалу кезеңінен өтеді. Яғни, Конституцияның болашақтағы бейнесі осы талқылаулар барысында айқындала бастайды.
Комиссия жұмысы алдағы уақытта да жалғасады. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, ашықтық, жариялылық және қоғаммен кері байланыс реформаның негізгі ұстанымы болып қала береді. Бұл өз кезегінде қабылданатын шешімдерге деген қоғамдық сенімді арттыруы тиіс.