Астанада алғаш қар жауған күннен бастап қаланың коммуналдық қызметтері арнайы полигондарға 3,2 миллион текше метрге жуық қар тасымалдады, деп хабарлайды DKNews.kz.


Қала жолдарында қозғалыстың қауіпсіз әрі ыңғайлы болуын қамтамасыз ету үшін қар күреу жұмысы күндіз де, түнде де тәулік бойы үздіксіз жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Өткен түні қала аумағынан 751 рейспен шамамен 11 910 текше метр қар арнайы полигондарға жеткізілді.

26 қаңтар күні таңнан бастап қар күреу жұмысына 3 116 жол жұмысшысы мен 1 233 арнайы техника жұмылдырылды.
Ал қыс басталғалы бері жалпы саны 230 175 рейспен 3 млн 194 мың 622 текше метр қар шығарылды.
Ең алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жүретін бағыттар тазартылуда. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа аумақтарда – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалау жұмысы жүргізіледі.
Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдар, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себілуде. Бұл жұмыстар да тәулік бойы атқарылып жатыр.
Сонымен қатар, аула аумақтарындағы тазалықты қамтамасыз ету пәтер иелері кооперативтері (ПИК) мен мүлік иелері бірлестіктерінің (МИБ) міндетінде. Олар тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін аулаларды қар мен көктайғақтан уақытылы тазалауы тиіс.
Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауға шақырады.