Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының балет труппасы Сингапурдағы NUS Университетінің Мәдени орталығы сахнасында өнер көрсетті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Гастрольдер Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылды. Бағдарлама екі бөлімінен тұрды. Бірінші бөлімде П. И. Чайковскийдің «Аққу көлі», Л. Минкустың «Дон Кихот» және Х. Лёвенсхольдтың «Сильфида» балеттерінен үзінділер ұсынылды. Екінші бөлім атақты «Кармен-сюитаға» арналды. Жорж Бизе мен Родион Щедрин музыкасына жазылған бұл драмалық әрі эмоцияға толы балет өзінің экспрессиясымен көрерменді баурап алды.
Сингапурлық көрермен спектакльден кейін әсерін бөлісіп, әртістердің орындау шеберлігінің жоғары деңгейде екенін атап өтті. Таза техника, материал мен музыканың жеткізілуі сөз болып, қалың көпшілік жетекші әлемдік театрлардың гастрольдерімен де салыстырып жатты.