Азат Перуашев: Конституциялық реформа – бұл бүкіл саяси жүйені терең қайта жаңғырту

1089
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстанда пропорционалды жүйе бойынша сайланатын бір палаталы Парламентке көшу бастамасы саяси реформалардың қисынды жалғасы болып отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның үшінші отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Депутаттың айтуынша, бұл қадам кездейсоқ немесе жедел шешім емес, керісінше, соңғы жылдары қалыптасқан саяси тәжірибе мен мемлекеттік басқару логикасынан туындап отыр. Осы орайда ол «Ақ жол» демократиялық партиясының Мемлекет басшысының бастамасына нық қолдау білдіргенін еске салды.

Екі палаталы Парламент неге өзекті емес

Азат Перуашевтың пікірінше, екі палаталы Парламент моделі көбіне федералдық мемлекеттерге тән. Ондай елдерде Сенаттың негізгі міндеті – федерация субъектілерінің мүддесін білдіру және олардың заңнамаларын үйлестіру.

«Қазақстан – бірыңғай заңдары мен ережелері бар унитарлық мемлекет. Біз елдің әр түкпірінде – Шемонаихадан Форт-Шевченкоға дейін, Бескөлден Шардараға дейін – азаматтардың өмір сүру сапасы мен мемлекеттік қызметтерге тең қолжетімділігіне кепілдік беруді мақсат етеміз», – деді депутат.

Осы тұрғыда өңірлердің мүддесін қорғау үшін бөлек палата емес, бірдей құқықтар мен ортақ жауапкершілік қағидаттары маңызды екенін атап өтті.

Реформа 2022 жылдан басталған

Перушаев Мемлекет басшысы бұл бағытта алғашқы жүйелі қадамды 2022 жылы жасағанын да еске салды. Сол кезде Конституцияға енгізілген өзгерістер нәтижесінде заң қабылдау құқығы Мәжіліске беріліп, Сенаттың рөлі заң жобаларын мақұлдау немесе оларға ұсыныстар енгізумен шектелген еді.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қазіргі бастамасы – Конституцияның дәйекті эволюциясының логикалық жалғасы. Бұл біздің саяси жүйеміздің және оның институттарының жетілуін жеделдетеді», – деді Азат Перуашев.

Оның айтуынша, бүгінде бір палаталы Парламенттің мемлекеттік билік жүйесіндегі өкілеттігін күшейтуге бағытталған оңтайлы әрі теңгерімді шешімдер дайындалған.

Халық Кеңесі: қоғамның рөлін кеңейту

Депутат сонымен қатар Конституцияда мәртебесі бекітілетін Халық Кеңесін құру бастамасына да тоқталды. Бұл органның басты мақсаты – қоғамның саяси жүйеге қатысуын кеңейту.

Аталған бастама:

  • түрлі этностар өкілдерінің билік жүйесіне қатысуын 8 есе арттырады;
  • өңірлердің мүддесін жүйелі түрде білдіруге мүмкіндік береді;
  • азаматтық қоғам көшбасшыларын саяси үдерістерге тартуды қамтамасыз етеді.

Осылайша, Халық Кеңесі билік пен қоғам арасындағы диалогты нығайтатын маңызды алаңға айналмақ.

Пропорционалды жүйе – халықаралық тәжірибе

Парламент депутаттарын партиялық тізімдер арқылы сайлау мәселесіне келсек, Азат Перуашев бұл тәсіл парламентаризмнің жинақталған халықаралық тәжірибесіне сай келетінін айтты.

Оның пікірінше, пропорционалды жүйе:

  • сайланбалы органдарда қоғам мүдделерінің кең өкілдігін қамтамасыз етеді;
  • мықты әрі жауапты саяси партиялардың қалыптасуына ықпал етеді;
  • Еуропадағы заманауи саяси трендтерге сәйкес келеді.
«Іске асырылып жатқан конституциялық реформа – бұл жай ғана түзетулер емес, халықаралық тәжірибеге және парламенттік оппозицияның көпжылдық жолына сүйенген бүкіл конституциялық жүйенің шын мәніндегі терең жаңғыруы», – деп түйіндеді Азат Перуашев.

Жүйелі өзгеріс кезеңі

Комиссия отырысында айтылған ойлар бір нәрсені аңғартады: Қазақстандағы саяси реформалар жеке институттарды емес, бүкіл жүйені жаңартуға бағытталған. Бір палаталы Парламент, пропорционалды сайлау жүйесі және Халық Кеңесі – осы өзгерістердің өзара байланысты элементтері.

Бұл өзгерістер елдің саяси жүйесін ашық, жауапты және қоғамға жақын етуге бағытталған маңызды кезең ретінде бағалануда.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -