Қазақстанда жүріп жатқан конституциялық реформа – заң мәтінін жаңарту ғана емес, елдің болашақ даму бағытын айқындайтын тарихи кезең. Бұл жөнінде Конституциялық реформа комиссиясының үшінші отырысында Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Серік Егізбаев мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша, бүгінде қабылданып жатқан әрбір норма ертеңгі ұрпақтың қандай қоғамда өмір сүретінін айқындайды. Сондықтан бұл өзгерістерге формалды емес, стратегиялық әрі жауапкершілікпен қарау қажет, деп хабарлайды DKNews.kz.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – заң жүзінде бекітілуде
Серік Егізбаев конституциялық реформа «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының құқықтық негізін қалыптастырып жатқанын атап өтті. Бұл – билік пен қоғам арасындағы байланысты жаңа деңгейге шығару деген сөз.
«Тарихқа үңілсек, бабаларымыз “Жеті жарғыны” қабылдағанда да, Күлтөбенің басында күн сайын кеңес құрғанда да басты мақсат – елдің тұтастығы мен әділдігі болған. Бүгінгі саяси реформаның да түпкі мәні осы құндылықтармен сабақтас», – деді депутат.
Оның айтуынша, қазіргі реформаның басты міндеті – халықтың мүддесін қорғайтын, уақыт сынына төтеп беретін, әділетті әрі тиімді заңнамалық жүйе құру.
Бірпалаталы Парламент – жауапкершіліктің жаңа моделі
Серік Егізбаев реформаның негізгі стратегиялық бағыттарының бірі ретінде бірпалаталы Парламентке көшу мен сайлау жүйесін толық пропорционалды форматқа, яғни партиялық тізімдерге негіздеу мәселесін атады.
Бұл өзгеріс депутаттардың жауапкершілігін түбегейлі арттырады.
«Бұрын депутат жеке тұлға ретінде ғана жауапты болса, енді ол нақты идеологиясы мен бағдарламасы бар үлкен саяси ұйымның атынан сөйлейді. Бұл – мүлде жаңа саяси мәдениет», – деді ол.
Депутат Мемлекет басшысының өз квоталарынан бас тартып, өкілеттіліктерді Парламентке беруін саяси партияларға артылған үлкен сенім әрі зор жауапкершілік деп бағалады.

Өңірлер не дейді? Ауылдың даусы естіліп отыр
Қаңтар айында «Ауыл» партиясының депутаттық тобы еліміздің барлық 20 өңірін аралап, шаруалармен және ауыл тұрғындарымен кездескен.
Серік Егізбаевтың айтуынша, шалғай ауылдарда да адамдар Парламент пен Үкіметтің жұмысына бейжай қарамайды.
«Конституциялық реформа бойынша түскен екі мыңнан астам ұсыныс – жай ғана цифр емес. Бұл – қоғамның жаңаруға, демократиялық бастамаларды күшейтуге және әділдікке деген нақты сұранысы», – деді Комиссия мүшесі.
Оның сөзінше, халық сенім артып отыр, ал бұл сенім – депутаттар үшін аманат.
Экология – ұлттық басымдыққа айналуы тиіс
Серік Егізбаев өз сөзінде экологиялық мәселелерге де ерекше тоқталды. Ол экологиялық құндылықтарды Конституция деңгейінде ұлттық басымдық ретінде бекітуді ұсынды.
Атап айтқанда, депутат:
- Конституция преамбуласын жаңа редакцияда қабылдауды;
- 31-бапқа азаматтардың табиғатты сақтау міндетін енгізуді;
- 61-бап аясында экологияны қорғау саласындағы заңдарды реттеу құзыретін күшейтуді ұсынды.
Оның пікірінше, қоршаған ортаны қорғау – тек мемлекеттік саясат емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі болуы тиіс.
Реформа – бүгін үшін емес, ертең үшін
Серік Егізбаевтың айтуынша, бүгін қабылданған шешімдер тек қазіргі саяси жүйені емес, елдің ұзақмерзімді даму жолын анықтайды.
«Халықтың аманаты бізден құқықтық жүйені жай ғана жаңартуды емес, оған түбегейлі жаңа, заманауи мазмұн беруді талап етеді», – деп түйіндеді депутат.
Осылайша, конституциялық реформа Қазақстан үшін заңдық өзгерістер жиынтығы емес, әділетті, ашық және жауапты мемлекет құруға бағытталған маңызды кезең ретінде қарастырылып отыр.