Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елдегі басым туристік дестинацияларды дамытуға бағытталған кешенді жоспарлардың бекітілгенін мәлімдеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде туризмді дамытудың негізгі өңірлері айқындалды. Олар — Алматы тау кластері, Щучье–Бурабай курортты аймағы және Маңғыстау туристік өңірі, деп хабарлайды DKNews.kz.
Аталған өңірлер бойынша туристік инфрақұрылымды дамыту, инвестициялық жобаларды іске асыру, өңірлердің туристік әлеуетін ілгерілету және саланы цифрландыруды қамтитын кешенді жоспарлар қабылданды.
Алматы тау кластерін дамыту жоспары қолданыстағы тау шаңғы курорттарын кеңейтіп, оларды біртұтас жүйеге біріктіру жоспарланып отыр. Жоба аясында 30 аспалы жол мен жалпы ұзындығы 161 шақырым болатын тау шаңғы трассаларын салу жоспарланған. Бұл жыл бойғы туристер санын 5 млн адамға дейін арттыруға және қолданыстағы инфрақұрылымға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Щучье-Бурабай курортты өңірін дамыту жоспары туристік жүктемені Щучье мен Бурабай көлдерінен Қатаркөл, Кіші және Үлкен Шабақты, Жүкей көлдеріне көшіру арқылы теңгеруге бағытталған. Былтыр жоспар аясында Бурабай кентінде «Променад» аймағы салынды, ұзындығы 10 шақырым веложол пайдалануға берілді, сегіз шолу алаңы мен төрт автотұрақ ашылды. Щучье көліндегі қоғамдық жағажай абаттандырылып, экскурсиялық тікұшақ туры іске қосылды. 2029 жылдың соңына қарай туристер саны 94 мың адамға дейін өсіп, туризм саласында жұмыспен қамтылғандар саны 32,5 мың адамға жетеді деп күтілуде.
Туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатта Маңғыстау туристік өңіріне ерекше көңіл бөлінуде. Кешенді жоспар «Жылы жағажай» және «Кендірлі» курортты өңірлерін дамытуға, сондай-ақ Бозжыра мен Тамшалы секілді бірегей табиғи нысандардың қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Жалпы 2029 жылға дейін қонақ үй инфрақұрылымын кеңейтіп, қосымша шамамен 150 мың турист тарту жоспарланып отыр.