Қазақстанда туризмді дамыту тақырыбы соңғы жылдары жиі айтылып жүр. Бірақ сала өкілдерінің айтуынша, мәселе тек идея мен жоспарларда емес, нақты үйлестіру мен орындауда. Осыған байланысты Астанада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қатысуымен Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың туристік индустрия өкілдерімен кездесуі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шараға салалық қауымдастықтардың басшылары, туризм бизнесінің өкілдері және «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты - туризм саласын дамыту тұжырымдамасын жаңарту және мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды жүйелі арнаға түсіру.
«Туризм бір саламен шектелмейді»
Бизнес өкілдерімен жүздесуде Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов ашық әрі мазмұнды диалогтың маңыздылығын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, туризм тек қонақүй мен экскурсиядан тұрмайды.

«Туризм - көлік пен құрылыс, медицина мен судағы қауіпсіздік сияқты көптеген салалардың тоғысқан тұсы. Сондықтан мұнда тек бір ведомствоның күші жеткіліксіз. Үйлестіру болмаса, нәтиже де болмайды», - деді министр.
Осы себепті министрлік үйлестіру кеңесін құру, өңірлер бойынша жауапкершілікті бекіту, KPI қалыптастыру және жүйелі бақылау енгізу қажеттігін айтып отыр. Министрдің сөзінше, басталған жұмыс соңына дейін жеткізілмесе, инфрақұрылым да, қауіпсіздік те, туристік ағын да күткен деңгейге жетпейді.
Kazakh Tourism-де жаңа басшы және оқиғалар күнтізбесі
Кездесу барысында Ербол Мырзабосынов бизнес-қоғамдастыққа «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының жаңа басшысы Талғат Ғазизовты таныстырды. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірлердегі ірі мәдени-туристік іс-шаралардан құралған жыл сайынғы негізгі оқиғалар күнтізбесін ұсынды.
Бұл күнтізбе әр өңірдің туристік әлеуетін айқындап қана қоймай, ішкі және сыртқы туристерді тартудың нақты құралына айналуы тиіс.

Бірлескен жобалық офис не үшін қажет
«Атамекен» ҰКП Президиумының Туристік сала комитетінің төрайымы Юлия Якупбаева салада турөнімдер жеткілікті екенін, бірақ оларды жүйелеу мен масштабтау мәселесі өзекті екенін айтты.
«Медициналық, спорттық, экотуризмнен бастап қалалық форматтарға дейін түрлі турөнімдер бар. Бірақ оларды бір жүйеге келтіріп, реестр мен күнтізбе жасап, табысты жобаларды өңірлерге тарату керек», - деді ол.
Осы мақсатта Юлия Якупбаева Kazakh Tourism-мен бірлескен жобалық офис құруды ұсынды. Мұндай алаң талқылаудан нақты іске көшуге және нәтижелер бойынша тұрақты есеп беруге мүмкіндік береді.
Бизнес көтерген нақты мәселелер
Кездесу барысында туризм бизнесінің өкілдері саладағы ең өзекті проблемаларды ашық айтты. Атап айтқанда:
- орналастыру орындарын, оның ішінде қонақ үйлер мен қонақ үй іспеттес үйлерді жіктеу
- туристік инфрақұрылымды стандарттау және санитарлық тораптарды қамтамасыз ету
- балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту, балалар лагерьлерінің жұмысы
- курорттық аймақтарда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту
- тұрақты ұялы байланыс пен жер телімдерін бөлу
- жағажай туризмі, сервис сапасы мен қауіпсіздік
- туристерді тарту және тұрақты туристік ағын қалыптастыру
Аймақтардан келген өкілдер инфрақұрылым мәселесі шешілмейінше, туризмді сапалы дамыту мүмкін емес екенін атап өтті.

Әкімдерге KPI енгізу ұсынылды
«Атамекен» ҰКП Туризм департаментінің басқарушы директоры Дәмиля Құнанова өңірлік деңгейдегі жауапкершілікті күшейту қажеттігін айтты.
«Әкімдердің туристік инфрақұрылым құру, инвестиция тарту және туристік ағынды арттыру бойынша KPI-ін енгізуді ұсынамыз», - деді ол.
Оның айтуынша, туризмнің өңірлерде дамуы жергілікті атқарушы органдардың белсенділігіне тікелей байланысты.

Диалог жалғасады
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар туризм саласында мемлекет пен бизнес арасындағы негізгі әріптестік алаң ретінде «Атамекен» ҰКП шеңберінде жүйелі өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екенін растады.
Қатысушылар ашық диалог пен нақты шешімдерге негізделген жұмыстың ғана өңірлерде туризмнің орнықты дамуына алып келетінін атап өтті.