Балалардың денсаулығы – мемлекет саясатының басты басымдықтарының бірі. Осы бағытта «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының жобасында негізгі екі көрсеткіш белгіленген. Үкімет отырысында жоғары технологиялық медициналық көмекті дамыту туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Оның айтуынша профилактикалық тексерулер мен патронаждар арқылы қамтылатын балалардың үлесін 66%-ға және денсаулық сақтау нысандарының тозу деңгейін кезең-кезеңімен 30%-ға дейін төмендету көзделген.
Осыған сәйкес аталған индикаторларға қол жеткізу үшін министрліктің алдында 30 іс-шараны жүзеге асыру міндеті тұр. Бүгінде Қазақстан балалардың әл-ауқаты индексінің «Денсаулық» бағыты бойынша әлемнің үздік 30 елінің қатарына кіріп отыр. Балалардың денсаулығын қорғау мен өмір сапасын арттыру үшін нақты әрі маңызды шешімдер қабылданды.
«Алғаш рет есту қабілеті бұзылған, бірақ мүгедектік мәртебесі жоқ балалар есту аппараттары мен аудиопроцессорлармен қамтамасыз етілуде. Ол бірнеше жылдан бері ата-аналар тарапынан қозғалып келген түйткілді шешімдердің бірі. Дәл осылай алғаш рет бет қаңқасы мен басының туа біткен анатомиялық ақаулары бар балаларға генетикалық скринингтер, реконструктивтік және пластикалық операциялар жүргізу де заңмен бекітілді. Нәтижесінде күрделі диагноздар ерте анықталып, мүгедектіктің алдын алуға жол ашылды. Кератопластика бойынша трансплантациялау тізбесі де кеңейтілді. Балалардың уақытша қозғалысы шектелген кезеңдерде көмекші техникалық құралдарды алуына, кәмелетке толмаған туысқан донордан сүйек кемігін транспланттауға, сондай-ақ ем алу үшін басқа өңірге шыққанда жол жүру шығындарын өтеуге қатысты жаңа заңнамалық нормалар бүгінде Мәжілістің қарауында», — деді министр.
Балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жетілдіру мақсатында 2 жылда 24 стандарты жаңартылды. Алғаш рет сирек кездесетін орфандық аурулар стандарты әзірленіп, балаларға паллиативтік көмек көрсету стандарты бекітілді. Сонымен қатар салмағы аз боп туған нәрестелерді күтуге және балаларға арналған басқа да медициналық бағыттары бойынша қызмет тарифтері 40%-ға дейін артты, алдағы уақытта 19 бейіннің тарифтері қайта қаралады.
Ведомство басшысының сөзінше бұрын тек ересектерге жасалып келген «гамма-пышақ» аппаратындағы радиохирургиялық операциялар енді балаларға да жүргізіле бастады. Ол — күрделі ми ісіктері мен басқа да қауіпті диагноздарды ашық операциясыз, қауіпсіз әрі дәл емдеуге мүмкіндік береді. 400 балаға есту импланттары орнатылып, олар алғаш рет дыбысты естіп, сөйлеу қабілетін дамыту мүмкіндігіне ие болды. Жыл сайын орта есеппен 700 шала туған нәрестеге ретинопатияны түзету жүргізіледі. Сонымен қатар жыл сайын 2 мыңнан астам балаға кардиохирургиялық операциялар жасалып, жүрек ақаулары дер кезінде түзетілуде.
Осылайша, жоғары технологиялық медициналық қызметтердің енгізілуі балалардың өмір сапасын жақсарта отырып, соңғы үш жылда шетелге туыс емес донордан бағаналы жасушаларды трансплантациялауға балаларды жіберу 3 есеге, ал кардиохирургиялық емге жолдау 5,2 есеге қысқарды және де бұл қадамдар балалар арасындағы мүгедектік деңгейін 11%-ға төмендетуге мүмкіндік берді. Осы жылы елімізде протондық, йодтерапия және тамырлы ақауларды емдеу толық қолжетімді болады. 2025 жылы еліміздегі емханалардың 80%-да педиатриялық бөлімшелер ашылып, балаларды ерте кезеңнен бақылау күшейтілді, 336 даму және ерте араласу орталығы құрылып, ауытқуларды дер кезінде анықтау мүмкіндігі артты.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 655 МСАК нысаны салынды. Бұл шалғай ауылдардағы балалар мен отбасылар үшін дәріхана пункттеріне, зертханаларға, оңалту және күндізгі стационар қызметтеріне, сондай-ақ телемедицинаға қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Балалары бар отбасыларда медициналық әлеуметтік тәуекелдерді анықтау үшін елімізде патронаждың прогрессивті моделі бойынша ЮНИСЕФ-тің техникалық қолдауының арқасында 2,5 мың мейірбике білім алып, патронаждық мейірбикенің жеке штаттық бірлігі бөлінді. GPS-навигация және фотофиксация мүмкіндігі бар патронаждық есеп жүргізу толық цифрландырылды.
Нәтижесінде патронаждық бақылаудың қамтылуы мен сапасы жақсарды, бұл салааралық байланыстың 36%-ға күшеюіне, үйде болатын өлім-жітімнің 22%-ға және балаларды стационарларға кеш жатқызудың 5%-ға төмендеуіне әсер етті. Балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру, өңірлер арасындағы алшақтықты азайту және заманауи технологияларды елдің барлық аймағына бірдей қолжетімді ету мақсатында 15 облыстық балалар ауруханасын реновациялау жалғасуда. Реновация аясында кадрлардың біліктілігін арттыру, материалдық-техникалық базаны күшейту және құзыреттілік орталықтарын ашу көзделген. Сұранысқа ие 302 аса тапшы бейіндік төсек-орындар жаңартылатын болады. Бұл – балаларды ұзақ күттірмей, өз уақытында емдеуге жатқызуға және аурудың асқынуына жол бермеуге бағытталған қадам.
Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өңірлерде бейіндер бойынша төсек-орындарды қайта бөлу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде оңалтуды 10 күннен артық күту мерзімін азайту және бұл көмекті 100% қолжетімді ету күтіледі. Сонымен қатар елімізде заманауи перинаталдық орталықтар желісін дамыту бойынша жүйелі шаралар қабылдануда. Бүгінгі күні Астана қаласында перинаталдық орталықтың құрылысы жүріп жатыр. 2025 жылы Шымкент қаласы мен Түркістан облысында екі перинаталдық орталықтың жобалау жұмыстары аяқталса, 4 өңірде жобалар әзірлену үстінде Ал Қызылорда мен Орал қалаларында жаңа нысандарды салу үшін үлгілік жоба бейімделуде.
«Еліміздегі барлық мектептер емханаларға бекітілген, онда 6300-ден астам медициналық пункт жұмыс істейді. Жалпы, медициналық пункттердің жабдықталуы 19%-ға артып, 93%-ды құраса, мейірбикелермен қамтылу 9%-ға жақсарып, 95%-ды құрап отыр. Дегенмен, мектептердің медицина қызметкерлері жазатайым оқиғалар кезінде ғана емес, жүректің кенеттен тоқтауы секілді шұғыл жағдайда да көмек көрсетуге дайын болуы тиіс. Сондықтан мектептерді дефибрилляторлармен қамтамасыз ету өте маңызды. Осы орайда, әкімдерден жарақтандыруға тиісті қаржыландыру қарастыруын сұраймын. 2025 жылы білім беру ұйымдарында оқушылардың жас ерекшеліктері мен физиологиялық қажеттіліктерін ескеретін теңгерімді тамақтануға бағытталған жаңа стандарт қолданысқа енгізілді. Қазіргі уақытта 10-18 жас аралығындағы балаларға аймақтарда 85 жастар денсаулық орталықтары, 97 бастапқы психикалық денсаулық орталығы жұмыс істеп тұр, онда тегін консультациялық көмек ала алады. 2024 жылы Денсаулық сақтау Кодексіне электрондық темекі мен вейп айналымына толық тыйым салу жөніндегі норма енгізілді, сондай-ақ тыйым салуды бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделді. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынды, ал осы жылғы 1 қаңтарда оған әкімшілік жауапкершілік енгізілді», — деді денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Қабылданып жатқан шаралар кешені Қазақстанға жұқпалы емес аурулардан болатын мезгілсіз өлімді 25%-ға қысқартуға қол жеткізіп, ДДҰ-ның Еуропалық өңіріндегі осы мақсатқа жеткен 9 елдің қатарына қосылуға мүмкіндік берді. Бүгінде 3500-ға жуық мектеп қатысатын балалардың денсаулығын нығайту үшін «Саламатты мектеп» жобасы жүзеге асырылуда. Алайда, осы бастамаға өңірлердегі мектептердің аз тартылуы байқалады. 2028 жылға дейін жалғасатын «Болашаққа сау тіспен» жоба аясында былтыр мектептерде 125 стоматологиялық кабинет ашылды. Алдағы 3 жыл ішінде қосымша 862 кабинет ашу жоспарлануда.
А.Әлназарова өңір басшыларына осы мәселені бақылауға алуды атап өттті. Министрлік алғаш рет жүкті және фертильді жастағы әйелдер регистрі негізінде баланың дүниеге келуінен бастап 18 жасқа дейінгі маршрутын үздіксіз қадағалауға мүмкіндік беретін цифрлық профильді енгізді. Бұл баланың денсаулығын өмірінің барлық кезеңінде жүйелі бақылауға жол ашады.
Балабақша мен мектепке бару кезінде пайдаланылатын балалар денсаулығының электрондық паспорты іске қосылды. Былтыр алынған профилактикалық егулер, медициналық шектеулер цифрлық форматқа көшірілді, енді ата-аналар барлық деректерді мобильді қосымша арқылы көре алады. Сонымен қатар «Мектеп медицинасы» жеке модулі пысықталуда. Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауының арқасында ауқымды әрі жүйелі шаралар жүзеге асырылды, бүгінде елімізде балаларға медициналық көмектің барлық түрі қолжетімді. Нәтижесі ретінде соңғы 2 жылда нәресте өлімінің деңгейін 13%-ға, балалар өлімін 5,5%-ға төмендегенін атап айтқым келеді.
Профилактикалық тексерулерді жақсарту және денсаулық сақтау нысандарының тозу деңгейін кезең-кезеңімен төмендету индикаторларына қол жеткізуге бағытталған іс-шаралар уақытылы толық орындалатын болады.