Gulfood көрмесіне қатысу Қазақстанның АӨК үшін неліктен маңызды кезеңге айналды

1199
Фотосурет: Gov

Азық-түлік әлемінде бәсеке сөрелерден емес, сенімнен басталады. Бүгінде жаһандық алаңдарда экспорттаушы елдер дәл осы сенім үшін күресіп жатыр. Солардың ішіндегі ең ықпалды платформалардың бірі — жыл сайын әлемдік азық-түлік индустриясының негізгі ойыншыларын жинайтын Дубайда өтетін Gulfood 2026 көрмесі, деп хабарлайды DKNews.kz.

Биыл Қазақстан Gulfood аясында маңызды әрі символдық қадам жасады — ел көрмеге алғаш рет Бірыңғай Ұлттық павильонмен қатысуда. Отандық агроөнеркәсіптік кешен үшін бұл жай ғана көрмелік қатысу емес, Таяу Шығыс пен Парсы шығанағы елдерінің нарықтарымен жүйелі жұмыс істеуге жасалған нақты қадам.

Қазақстан — біртұтас форматта

Қазақстанның қатысуы шикізаттық емес экспортты дамыту және АӨК өнімдерін басым шетелдік нарықтарға ілгерілету жөніндегі мемлекеттік саясат аясында ұйымдастырылды. Ұлттық павильон форматы елді жекелеген компаниялар жиынтығы ретінде емес, сенімді әрі біртұтас азық-түлік жеткізушісі ретінде көрсетуге мүмкіндік береді.

Gulfood алаңында өз өнімдерін 30 қазақстандық компания ұсынуда. Экспозицияда экспортқа бағытталған 300-ден астам өнім атауы бар: астық дақылдары мен терең өңдеу өнімдері, ұн, ет және сүт өнімдері, өсімдік майлары, майлы-тоңмай өнімдері, сондай-ақ қосылған құны жоғары өңделген тауарлар. Көптеген өндірушілер халықаралық аккредитациядан өткен және Halal стандарттарына сай келеді, бұл өңір нарықтары үшін айрықша маңызды.

Әлемдік сатып алушыларға тікелей шығу

Ұлттық павильонды Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров аралап көрді. Оның айтуынша, Gulfood-қа қатысу — бір реттік көрме емес, стратегиялық қадам.

Министр бұл алаң халықаралық дистрибьюторлар мен трейдерлермен тікелей B2B-контактілер орнатуға, Таяу Шығыс, Парсы шығанағы, Африка және Оңтүстік Азия нарықтарына экспортты кеңейтуге, Kazakhstan брендин ілгерілетуге, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенге инвестициялар мен технологиялық серіктестер тартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Іс жүзінде бұл эпизодтық келісімдерден қазақстандық өнімнің жаһандық нарықта ұзақ мерзімді қатысуына көшу деген сөз.

Қазақстан атынан кімдер қатысуда

Ұлттық павильонға ірі агрохолдингтермен қатар өңдеуші кәсіпорындар да қатысып отыр. Олардың қатарында Baltic Control Kazakhstan, Olzha Agro, Atameken Agro, Green Vitamin, QAYIP ATA, «Қазақстанның Астық консорциумы», «Баян Сұлу», «Айс company», BioOperations және басқа да компаниялар бар.

Мұндай құрам экспорттық ұсыныстың кеңдігін көрсетеді — шикізаттан бастап, түпкі тұтынушыға арналған дайын өнімге дейін.

Бюджетсіз — өз қаражатына

Қатысу форматына да ерекше назар аударылды. Министрдің айтуынша, Қазақстан көрмеге республикалық бюджет қаражатын тартпай қатысып отыр — барлық шығындарды компаниялардың өзі көтерген.

Бұл бизнестің халықаралық нарықтарға деген жоғары қызығушылығын және экспорттық әлеуетті дамытуға деген жетілген, стратегиялық көзқарасын айқын көрсетеді. Қазақстан серіктестікке, инвестицияларға және бірлескен бастамаларға ашық екенін атап өтті министр.

Gulfood неге маңызды

Gulfood көрмесі жыл сайын әлемнің 190-нан астам елінен мыңдаған компаниялар мен кәсіби келушілерді біріктіреді. Көптеген өндірушілер үшін экспорттық келісімдер дәл осы алаңда басталып, жаңа логистикалық тізбектер мен ұзақ мерзімді серіктестіктер қалыптасады.

Қазақстан үшін мұндай форматтағы қатысу — жетістіктер витринасы ғана емес, халықаралық нарыққа берілген нақты сигнал: ел ұзақ мерзімді ойынға дайын және жаһандық сұраныс өсіп отырған жағдайда сенімді азық-түлік жеткізуші болуға ниетті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -