Деректерді қорғау — ортақ жауапкершілік

1045
Фотосурет: reepik.com

28 қаңтар — цифрлық заманда аса маңызды мәнге ие күн. Бұл күні әлемде Халықаралық дербес деректерді қорғау күні аталып өтеді.

Смартфон, онлайн-сервис, биометрия мен цифрлық мемлекеттік қызметтер күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналған уақытта бұл дата әр азаматтың жеке ақпаратының қауіпсіздігі қаншалықты маңызды екенін еске салады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Дербес деректер неге бүгінде ерекше назарда?

Қазіргі таңда дербес деректер — тек аты-жөн мен телефон нөмірі ғана емес. Оған медициналық мәліметтер, биометриялық ақпарат, геолокация, цифрлық мінез-құлық пен интернеттегі белсенділік те кіреді. Цифрландыру дамыған сайын деректердің заңсыз таралуы, алаяқтық пен кибершабуыл қаупі де артып келеді.

Сондықтан Қазақстанда дербес деректерді қорғау цифрлық даму мен киберқауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналды.

Қазақстанда соңғы жылдары не өзгерді?

Соңғы жылдары бұл салада жүйелі әрі ауқымды жұмыстар жүргізілді. Ең алдымен, нормативтік-құқықтық база жаңартылды. «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, деректерді автоматтандырылған өңдеу тәртібі нақтылаңды. Сонымен қатар азаматтардың өз деректерін пайдалануға келісім беру және оны кері қайтарып алу тетіктері айқындалды.

Цифрлық кодекс: деректерге жаңа көзқарас

2026 жылғы 9 қаңтарда Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексі қабылданды. Бұл құжат цифрлық қатынастарды реттеудің бірыңғай қағидаттарын бекітіп, деректердің, соның ішінде дербес және обезличенные (жеке тұлғаға байланысы жоқ) деректердің құқықтық мәртебесін анықтады.

Цифрлық кодекс деректер айналымын, оларды қорғау мен пайдалануды жүйелі түрде реттеуге бағытталған және цифрлық экономиканың негізін қалыптастыратын маңызды құжаттардың бірі саналады.

Биометрия мен қосымша талаптар

Дербес деректердің қауіпсіздігін күшейту мақсатында 2025 жылдың желтоқсанында оларды қорғау жөніндегі қағидалар жаңартылды. Енді 100 мыңнан астам шектеулі қолжетімді дербес деректерді өңдейтін операторлар үшін қосымша талаптар енгізілді. Атап айтқанда:

  • пайдаланушыларды күшейтілген сәйкестендіру;
  • көп факторлы аутентификация;
  • биометриялық аутентификацияны қолдану мүмкіндігі.

Бұл шаралар рұқсатсыз қол жеткізу мен деректердің сыртқа кету қаупін азайтуға бағытталған.

Азаматтар деректерін қалай бақылай алады?

Дербес деректерді өңдеудің ашықтығын арттыру үшін eGov mobile платформасында дербес деректерге қолжетімділікті бақылау сервисі жұмыс істейді. Бұл сервис арқылы азаматтар:

  • өз деректеріне қолжетімділік беруге;
  • бұрын берген келісімдерін кері қайтарып алуға;
  • мемлекеттік органдардың қандай деректерді пайдаланатынын көруге мүмкіндік алады.

Бүгінде бұл сервис ай сайын 40 миллионнан астам сұранысты өңдейді. Бұл қазақстандықтардың дербес деректер қауіпсіздігіне деген қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді.

Жауапкершілік те күшейтілді

Сонымен қатар дербес деректер туралы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтілді. Айыппұл көлемі 30-дан 2000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды, ұйым басшыларына жеке жауапкершілік енгізілді. Бұл салада мемлекеттік бақылау тұрақты негізде жүргізіледі.

Әр азамат нені есте ұстауы керек?

Мамандардың айтуынша, ең озық технологиялардың өзі азаматтардың өз деректеріне салғырт қарауын ақтай алмайды. Сондықтан:

  • жеке мәліметтерді кімге және не үшін беріп жатқаныңызды тексеру;
  • мемлекеттік бақылау құралдарын пайдалану;
  • базалық цифрлық қауіпсіздік ережелерін сақтау маңызды.

Ортақ жауапкершілік

Дербес деректерді қорғау — тек мемлекеттің ғана емес, бизнес пен қоғамның да ортақ міндеті. Заңнаманың тұрақты дамуы, заманауи технологияларды қолдану және азаматтардың саналы ұстанымы ғана цифрлық ортадағы сенім мен қауіпсіздікті қамтамасыз ете алады.

Ал Халықаралық дербес деректерді қорғау күні — осыны тағы бір еске салатын маңызды мүмкіндік.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -