Қазақстанда алдағы жылдары балалар денсаулығына деген көзқарас түбегейлі өзгереді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Денсаулық сақтау министрлігі 2030 жылға дейін балаларды профилактикалық медициналық тексерумен қамтуды айтарлықтай арттыруды жоспарлап отыр. Қазіргі 50 пайыздық көрсеткіш 66 пайызға дейін жеткізілмек.
Бұл жоспарлар «Балалар Қазақстаны» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылады. Құжат алдағы бес жылға есептелген және тек формалды тексерулермен шектелмейді.
Министрліктің айтуынша, басты мақсат – баланы туған сәтінен бастап жасөспірімдік кезеңге дейін жүйелі түрде медициналық бақылауда ұстау. Бүгінде көптеген аурулар балаларда кеш анықталып, ауыр асқынуларға әкеліп жатады. Ерте профилактика бұл тәуекелдерді азайтып, болашақта стационарларға түсетін жүктемені де төмендетуге мүмкіндік береді.
Белгіленген мақсаттарға жету үшін 30 кешенді іс-шара жүзеге асырылмақ. Олар бірнеше негізгі бағытты қамтиды:
- алғашқы медициналық-санитарлық көмекті күшейту,
- мамандандырылған педиатрияны дамыту,
- денсаулық сақтау саласын цифрландыру,
- жаңа медициналық нысандар салу және қолданыстағыларын жаңғырту.
Сонымен қатар медициналық инфрақұрылымның тозу деңгейін 42 пайыздан 30 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр. Бұл поликлиникалар мен ауруханаларды жаңарту, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету деген сөз.
Жаңа тұжырымдамада өңірлік теңсіздікті азайтуға ерекше мән берілген. Әсіресе ауылдық жерлерде тұратын балалар үшін медициналық көмектің қолжетімділігі әлі де өзекті мәселе болып отыр. Кадр тапшылығы мен инфрақұрылымның әлсіздігі бұл проблеманы ушықтыра түсуде.
Осыған байланысты патронаж қызметін күшейту, мобильді медицинаны дамыту және шалғай елді мекендерде педиатриялық көмектің қолжетімділігін арттыру көзделген. Негізгі мақсат – баланың қай жерде тұратынына қарамастан, сапалы медициналық көмек алуына жағдай жасау.
Тұжырымдама тек профилактикалық тексерулермен шектелмейді. Алдағы жылдары:
- балаларды емдеудің клиникалық стандарттары жаңартылады,
- МӘМС аясында балаларға арналған тарифтер кеңейтіледі,
- педиатрлар мен медбикелерді даярлау және тарту арқылы кадрлық әлеует күшейтіледі.
Министрлік өкілдері баланы тек ауырған кезде емес, өсуінің барлық кезеңінде сүйемелдеу басты басымдық екенін атап өтеді.
Айта кетейік, Қазақстан қазірдің өзінде балалардың әл-ауқаты индексі бойынша әлемдегі үздік 30 елдің қатарына енген. Бұл көрсеткіш – 0,816. Билік өкілдері «Балалар Қазақстаны» тұжырымдамасын іске асыру осы нәтижені сақтап қана қоймай, оны одан әрі жақсартуға мүмкіндік береді деп сенеді.