Ұлттық МЭКС жобасы: коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымға 439 жоба мен 375 млрд теңге инвестиция

1144
Жан Арыстанұлы Редактор
Фотосурет: UKIMET

Қазақстанда энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған Ұлттық жоба қызу қарқын алып келеді. Бүгінде оған қатысуға ниетті кәсіпорындар саны 100-ден асты. Бұл – салада қордаланған мәселе көп екенін де, сонымен қатар өзгеріске деген сұраныстың жоғары екенін де көрсетеді.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен жобалық кеңсе отырысында биылғы жоспарлар мен келесі жылға дайындық мәселелері кеңінен талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Негізгі назар – жобалардың нақты іске асуына, мерзімнің сақталуына және қаржыландырудың үздіксіздігіне ауды.

439 жоба, 101 кәсіпорын: сандар не дейді?

Ресми дерекке сүйенсек, қазірдің өзінде коммуналдық кәсіпорындар тарапынан 439 жоба ұсынылған.
Соның:

  • 34 жобасы іске асырылып жатыр,
  • 65 жоба бастауға толық дайын.

Бұл – жылу, су, электр желілері тозған өңірлер үшін аса маңызды көрсеткіш. Себебі дәл осы салаларда апат жиілеп, тұрғындардың наразылығы да артып отырғаны жасырын емес.

Неге бұл жоба маңызды?

Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Ұлттық жоба жай ғана қағаз жүзіндегі жоспар емес, нақты көрсеткіштерге байланған.

2026 жылға қарай:

  • жылумен жабдықтау жүйесіндегі тозу 48%-ға,
  • электр желілерінде 62%-ға,
  • сумен жабдықтауда 37%-ға,
  • су бұру жүйесінде 49%-ға дейін төмендеуі тиіс.

Сонымен қатар жаңа энергетикалық қуаттар іске қосылады. Бұл – қыс мезгілінде жарық пен жылу өшпейді деген сөз.

«Қызыл аймақтағы» кәсіпорындар назарда

Қазіргі таңда Ұлттық жоба аясында 54 кәсіпорын «қызыл аймақта» тұр. Яғни, қаржылық немесе техникалық жағдайы күрделі. Вице-премьер өңір әкімдіктеріне дәл осы нысандармен жұмысты жеделдетуді тапсырды. Себебі бір кәсіпорындағы проблема тұтас қаланың өміріне әсер етуі мүмкін.

Кәріздік-тазарту құрылыстары: көп айтылып, аз шешілген мәселе

Отырыс барысында кәріздік-тазарту құрылыстарын жаңғыртуға ерекше мән берілді. Ұлттық жоба аясында 36 КТҚ қамтылған.

Қаржыландыру екі бағытта қарастырылып отыр:

  • жергілікті әкімдіктердің мемлекеттік бағалы қағаздары арқылы;
  • халықаралық қаржы институттарын тарту жолымен.

Атап айтқанда, Дүниежүзілік банкпен бірлескен Жол картасы әзірленеді. Бұл – экология мен халық денсаулығына тікелей әсер ететін бағыт.

Ақша бар ма? Бар

Қаржыландыру мәселесі де нақты цифрлармен бекітілген:

  • «Бәйтерек» холдингі арқылы 148 млрд теңгеге бағаланған 76 жоба қаралған;
  • Қазақстанның Даму банкі 375 млрд теңгеге жуық 14 кәсіпорынның өтінімін сараптап жатыр;
  • өткен жылы 29,3 млрд теңгеге 15 жоба үшін бағалы қағаздар сатып алынса,
  • биыл оларды аяқтауға қосымша 26 млрд теңге бөлінеді.

Алдағы жаңалық: Smart Turmys

Ұлттық жобаны тиімді іске асыру үшін сатып алулардың электрондық платформасы жетілдіріледі. Сонымен қатар есепке алу құрылғылары бойынша бірыңғай стандарттар енгізіліп, биыл жазда Smart Turmys ақпараттық жүйесі іске қосылады. Бұл коммуналдық қызметтерді ашық әрі әділ етуге бағытталған.

Қысқасы, бұл Ұлттық жоба – тек құбыр мен сым ауыстыру емес. Бұл – адамдардың күнделікті өмір сапасын жақсарту, апаттардың алдын алу және өңірлерді бір деңгейге жақындату талпынысы. Ендігі басты мәселе – жоспардың қағазда емес, нақты өмірде орындалуы.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -