Барлық этностардың мүддесін қамтитын Халық кеңесіне конституциялық негіз беру стратегиялық тұрғыдан маңызды – Жанарбек Әшімжан

990
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстанда жүріп жатқан Конституциялық реформа аясында мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың жаңа моделі талқыланып жатыр. Бұл тек заң нормаларын өзгерту емес, басқару философиясын қайта қарау. Конституциялық комиссияның кезекті отырысында Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан дәл осы бағыттағы басты ұстанымдарды ортаға салды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Оның айтуынша, билік пен қоғам арасындағы өзара сенімге негізделген жаңа қоғамдық келісім ұлттық даналыққа – «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» қағидатына сүйенуі тиіс. Сонымен қатар, мемлекеттік басқарудың мазмұны мен архитектурасын түбегейлі жаңарту міндеті де ашық қоғамдық талқыға шығарылып отыр.

Тепе-теңдік пен тұрақтылық: реформалардың өзегі

Жанарбек Әшімжан соңғы жылдары қабылданған шешімдер кездейсоқ емес, жүйелі түрде бір мақсатқа – саяси жүйені нақты демократияландыруға бағытталғанын атап өтті.

«Соңғы жылдары қабылданған шешімдер осы мақсатқа жүйелі түрде қызмет етіп келеді. Атап айтқанда, бұрын болған Президент квоталары мен тағайындаулардан бас тарту арқылы өкілді биліктің дербестігін күшейтуге, саяси жүйені нақты демократияландыруға бағыт алдық. “Тепе-теңдік бар жерде тұрақтылық бар” деген саяси қағидатқа сүйенсек, жүзеге асырылған реформалар билік тармақтары арасындағы теңгерімді нығайтып, институционалдық дамудың жаңа кезеңін қалыптастырды», – деді ол.

Яғни басқару жүйесінде бір орталыққа шоғырлану емес, өзара тежемелік пен теңгерімге негізделген модель қалыптасып келеді.

Құрылтайдың рөлі неге күшейтіледі

Депутаттың айтуынша, осы логиканың заңды жалғасы ретінде Құрылтайдың өкілеттіктерін кеңейту мәселесі күн тәртібіне шықты. Бұл – формальды қадам емес, жауапкершілікті арттыру тетігі.

Құрылтайға Конституциялық сотты, Жоғары аудиторлық палатаны және Орталық сайлау комиссиясын қалыптастыруға қатысу құқығын беру осы институттардың тәуелсіздігін күшейтіп қана қоймай, олардың халық алдындағы есептілігін арттырады.

Бұл өзгерістер шешім қабылдайтын құрылымдардың қоғаммен байланысын күшейтуге бағытталған.

Халық кеңесі – жаңа әлеуметтік келісімнің тірегі

Жанарбек Әшімжан өз сөзінде Халық кеңесінің маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл орган жай ғана кеңес беретін алаң емес.

«Халық кеңесі жай ғана консультативтік алаң емес, мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа әлеуметтік келісімнің институционалдық көрінісі. Мемлекеттік институттардың белгіленген регламент аумағында жұмыс істейтіні белгілі. Ал Халық кеңесінің ауқымдылығы – түрлі алаңдарда қордаланған ұсыныстарды, пікірлерді, көзқарастарды бір жерде тоғыстырып, айтылған сөз айтылған жерде қалмай нақты тетікке айналдыру», – деді депутат.

Яғни Халық кеңесінің басты міндеті – қоғамда айтылған ойды нақты шешімдерге жеткізетін көпір болу.

Баршаға ортақ мүдде және конституциялық негіз

Депутаттың пікірінше, барлық этностардың мүддесін қамтитын Халық кеңесіне конституциялық негіз беру стратегиялық тұрғыдан аса маңызды. Бұл құрылым біртұтас Қазақстан халқының мүддесіне қызмет етуі тиіс.

Халық кеңесі ішкі саясат, қоғамдық келісім және ұлттық құндылықтар мәселелері бойынша кәсіби ұсыныстар әзірлей алуы қажет. Сонымен қатар, оған заңнамалық бастама көтеру және референдум өткізуге ұсыныс беру құқығын беру басқару жүйесінің институционалдық тұрақтылығын күшейтеді.

Ұзақмерзімді инвестиция ретінде қаралатын реформа

Жанарбек Әшімжан ұсынылып отырған өзгерістерді қысқа мерзімді саяси қадам емес, ел болашағына салынған инвестиция ретінде бағалады.

«Біз ұсынып отырған өзгерістер – мемлекеттің тұрақтылығына салынған ұзақмерзімді инвестиция. Бұл – болашақ дағдарыстардың алдын алуға, қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға және мемлекеттік басқарудың жаңа архитектурасын қалыптастыруға бағытталған шешімдер. Дана халқымыз “Ақылмен басталған іс – баянды болады” дейді. Осы тұрғыда Халық кеңесі ақыл мен жауапкершілікке негізделген тұрақты саяси құрылым. Ол Қазақстандағы саяси мәдениеттің сапалық жаңа деңгейіне жол ашады», – деп түйіндеді ол.

Бүгінгі талқылаулар Қазақстанда билік пен қоғам арасындағы қатынасты жаңаша құруға деген ұмтылысты көрсетеді. Кеңесу, теңгерім және сенім – жаңа қоғамдық келісімнің негізгі тіректері ретінде алға шығып отыр. Ал Құрылтай мен Халық кеңесі осы келісімді нақты іске асыратын басты институттарға айналмақ.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -