Қазақстанда туризм біртіндеп экономикалық өсімнің маңызды бағыттарының біріне айналып келеді. Бұл сала тек демалыс пен қызмет көрсетумен шектелмей, көлік, құрылыс, инвестиция және еңбек нарығына да тікелей әсер ете бастады. Ал саланың нақты тиімділігін көрсететін басты көрсеткіш – туристік ағын.
Яғни, елдің әр өңіріне нақты қанша адам келіп, қанша турист орналастыру орындарында тоқтағаны туризмнің шынайы жағдайын көрсетеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Туристер саны 10 миллионнан асты
Үкімет деректеріне сәйкес, соңғы жылдары Қазақстандағы орналастыру орындарында демалған туристер саны 10 млн адамнан асты. Бұл алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 12 пайызға көп.
Өсім екі бағытта да байқалып отыр. Бір жағынан, қазақстандықтар ел ішінде жиі саяхаттай бастады. Екінші жағынан, Қазақстанға келетін шетелдік туристердің саны да артып келеді. Ел біртіндеп өңірлік туристік картада танымал бағытқа айналып келеді.
Сонымен қатар туризмге салынатын инвестиция көлемі де ұлғайып жатыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша салаға салынған инвестиция көлемі 1,2 трлн теңгеден асты. Бұл бұрынғы көрсеткіштерден 32 пайызға жоғары. Қаражат негізінен инфрақұрылымға, курорттарды дамытуға және сервисті жақсартуға бағытталған.
Алматы тау кластері ірі курорттық аймаққа айналмақ
Ірі жобалардың бірі – Алматы тау кластерін дамыту. Мұнда жұмыс істеп тұрған тау шаңғысы курорттарын біртұтас жүйеге біріктіру көзделген.
Жоба аясында 30 канат жолын салу және 161 шақырым тау шаңғысы трассасын құру жоспарланған. Бұл шешім бірден бірнеше мәселені шешуге тиіс. Біріншіден, туристерді қабылдау мүмкіндігін арттыру. Екіншіден, қарбалас кезеңдерде жекелеген курорттарға түсетін жүктемені азайту.
Мамандардың бағалауынша, бұл жоба Алматы тау кластеріндегі жыл бойғы туристік ағынды 5 млн адамға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Яғни, мұнда тек қысқы туризм емес, жазғы демалыс пен белсенді туризм де дамытылады.
Бурабай өңірі: жайлылық пен қоғамдық кеңістікке басымдық
Щучинск-Бурабай курорттық аймағында даму бағыты инфрақұрылымды жүйелі түрде жақсартуға бағытталған. Мұнда Катаркөл, Кіші және Үлкен Шабақты, Жұмбақтас маңындағы аумақтарда жұмыстар жүргізілуде.
Соңғы жылдары қоғамдық кеңістіктер абаттандырылып, ұзындығы 10 шақырым болатын веложол салынды. Сонымен қатар бақылау алаңдары, автотұрақтар, қоғамдық жағажай іске қосылды. Туристер үшін экскурсиялық тікұшақ туры да енгізілді.
Болжам бойынша, 2029 жылдың соңына қарай бұл аймаққа келетін шетелдік туристер саны 94 мың адамға дейін өсуі мүмкін.
Туристік өсім инфрақұрылым мәселелерін де ашып көрсетті
Туристер саны артқан сайын саланың әлсіз тұстары да айқындала бастады. Профильді ведомство мәліметінше, бірқатар курорттық аймақтарда су тапшылығы, кәріз жүйесінің жеткіліксіздігі және қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу мәселелері сақталып отыр.
Әсіресе жазғы және қысқы қарбалас маусымда жолдағы кептелістер, жол бойындағы сервистің жетіспеуі және инженерлік желілердің шамадан тыс жүктелуі байқалады. Бұл мәселелер шешілмейінше, туризмнің тұрақты дамуы қиын болмақ.
Қазақстан өзін шетелде белсенді таныта бастады
Ішкі дамуымен қатар, Қазақстан халықаралық деңгейде де туризмді ілгерілетуге күш салып отыр. Kazakh Tourism шетелдік аудиторияға бағытталған медиа-жобаларды іске асыруда.
Солардың бірі – Димаш Құдайбергеннің қатысуымен түсірілген Voice Beyond Horizon музыкалық тревел-шоуы. Жоба түсірілімдері елдің бірнеше өңірінде өтті. Мұндай формат Қазақстанды табиғаты мен мәдениеті арқылы таныстыруға бағытталған.
Айта кету керек, мұндай жобалардың бір бөлігі серіктестік пен демеушілік қолдау есебінен жүзеге асырылады.
Туризм және жұмыс орындары
Туризмнің дамуы еңбек нарығына да оң әсер етіп отыр. Іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар шамамен 10 мың тұрақты жұмыс орнын құруды көздейді.
Бұл әсіресе туристік бағыттағы өңірлер үшін маңызды. Туризм жұмыс орындарын тек қонақүйлер мен мейрамханаларда ғана емес, көлік, құрылыс, сервис және шағын бизнесте де көбейтеді.
Нәтижесінде туризм Қазақстан экономикасында барған сайын дербес өсім драйверіне айналып келеді. Алайда саланың болашағы инфрақұрылымның туристік сұранысқа қаншалықты жылдам бейімделетініне тікелей байланысты болады.