Астанада Respublica партиясының кеңейтілген актив жиыны өтті. Басқосуға партияның саяси кеңес мүшелері, Парламент пен мәслихат депутаттары, әйелдер және жастар қанатының өкілдері қатысып, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын жан-жақты талқылады.
Жиын формальды талқылаудан гөрі, Негізгі заңның болашағына қатысты салмақты әрі ашық пікір алмасу алаңына айналды. Мақсат – ұсынылып отырған құжатқа партиялық ортақ ұстаным қалыптастыру, деп хабарлайды DKNews.kz.

«Бұл – жай түзету емес, жаңа қоғамдық келісім»
Отырысты ашқан партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров жаңа Конституция жобасын мемлекеттің дамуы үшін сапалық тұрғыдан жаңа кезең деп бағалады.
«Бүгін біз мазмұны терең, мәні бөлек құжатты талқылап отырмыз. Жаңа Конституция – мемлекет пен азамат арасындағы жаңартылған қоғамдық келісім», – деді ол.

Партия төрағасы құжатта унитарлы құрылым мен аумақтық тұтастықтың мызғымай сақталғанын, сонымен қатар жобаның өзегінде адамға бағытталған көзқарас жатқанын ерекше атап өтті.
«Respublica үшін бұл – қағида. Біз мемлекет адам үшін қызмет етуі керек деп есептейміз», – деп түйіндеді Айдарбек Қожаназаров.
Өңірлер не дейді: экономика, ғылым және партиялардың рөлі
Жиында өңірлік партия жетекшілері реформаның практикалық қырларына тоқталды. Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Әубәкіров ғылым мен инновацияның Конституцияда бекітілуі елдің жоғары технологиялы экономикаға өтуіне берік негіз болатынын айтты.
«Қарағанды өңіріндегі бизнес қауымдастық пен азаматтық қоғам жаңа Конституция жобасын қолдайды. Біз бұл реформаны әлеуметтік әділеттіліктің тірегі, мемлекетке деген сенімді нығайтатын және ұзақ мерзімді экономикалық тұрақтылықтың құралы деп көреміз», – деді ол.
Сондай-ақ ол бір палаталы Құрылтайды қалыптастыруда саяси партиялардың рөлін күшейту маңызды екенін атап өтті.
Әйелдер мен жастар: қатысу мен диалогты кеңейту
Re.Women әйелдер қауымдастығы мен ReJastary жастар қозғалысының өкілдері реформаны азаматтық қатысуды кеңейтетін нақты тетік ретінде бағалады.
Атырау облысындағы Re.Women қауымдастығының төрайымы Гүлназ Кәрімжан қоғамдық диалогты кеңейту мен Халық кеңесі секілді институттардың енгізілуі ашықтық пен әділет қағидаттарына сай келетінін айтты.
«Re.Women қауымдастығы жаңа Конституция жобасын қолдайды. Бұл құжат ел дамуына жаңа серпін береді деп сенеміз», – деді ол.
Шығыс Қазақстан облысындағы ReJastary үйлестірушісі Жігер Сәрсенбаев Конституцияда бекітілген «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаттарының жастар үшін маңызын атап өтті.
«Әділетке және құқыққа сүйенген мемлекет ең алдымен жас ұрпақтың тағдырын айқындайды», – деді ол.
Парламент пен өңірлердің ортақ ұстанымы
Отырыста Мәжіліс депутаттары – Нұргүл Тау, Олжас Құспеков, Айтуар Қошмамбетов, Екатерина Смолякова, сондай-ақ өңірлік филиал жетекшілері – Нұржігіт Хайруллаев (Маңғыстау), Амангелді Маханбет (Павлодар), Шыңғыс Түсіпбаев (Астана) сөз сөйледі.
Олар өңірлер үшін ұлттық бірлікті нығайту, жергілікті өзін-өзі басқарудың рөлін арттыру және азаматтардың шешім қабылдау процесіне кеңінен қатысуы маңызды екенін атап өтті.
Қолдау және белсенді қатысу
Талқылау қорытындысында ортақ әрі айқын шешім қабылданды – Respublica партиясы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын қолдайды. Қатысушылар бұл құжатты әділетті, азаматтардың әл-ауқатына бағытталған және берік мемлекет құрудың негізі деп бағалады.
Партия алдағы жалпыұлттық талқылауға белсенді қатысуға дайын екенін білдіріп, барша азаматтарды елдің болашақ Негізгі заңын қалыптастыруға атсалысуға шақырды.


