Қаңтар айындағы ҰБТ-ның аралық қорытындылары жарияланды. Тестілеу басталғалы бері оған 139 мыңға жуық талапкер қатысқан. Мәліметтерге қарағанда, түлектердің басым бөлігі тестілеуді мемлекеттік тілде тапсырған, деп хабарлайды DKNews.kz.
ҰБТ қай тілде тапсырылды
Қаңтар ҰБТ-сына қатысқан талапкерлер тестілеу тілін өз қалауынша таңдаған:
- 76 пайызы – қазақ тілінде
- 24 пайызы – орыс тілінде
- 86 адам – ағылшын тілінде
Нәтижелер қандай
Екі аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 69 пайызы шекті баллдан өтті. Бес пән бойынша орташа балл 64-ті құрады.
Ең жоғары нәтиже – 138 балл.
Ерекше қажеттілігі бар талапкерлер
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін арнайы жағдай жасалған. Соның нәтижесінде ҰБТ-ға 328 талапкер қатысқан.
Апелляция тәртібі қалай жүргізіледі
Талапкерлер тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляция беруге құқылы.
Техникалық себептерге байланысты апелляциялар тікелей тестілеу барысында қабылданады. Апелляция қаралған соң, нәтижелері бар сертификаттар талапкерлердің жеке кабинеттерінде қолжетімді болады.
Ереже бұзушылықтар тіркелді
ҰБТ өткізілген үш апта ішінде 244 ереже бұзушылық анықталған.
Оның ішінде:
- 152 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілген
- 92 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылған
Өзге адамдардың орнына кіру фактілері тіркелмеген.
Бейнежазбалар қашанға дейін тексеріледі
2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін барлық бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ереже бұзу деректері анықталса, ҰБТ нәтижелері жойылады.
Өтініш саны қанша болды
Айта кетейік, қаңтар айындағы тестілеуге қатысу үшін шамамен 187 мың өтініш түскен.