2026 жылы мүгедектікті белгілеуге қатысты 9 мыңнан астам өтінім сырттай форматта қаралды, деп хабарлайды DKNews.kz.
2026 жылдың басынан бері Қазақстанда медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) аясында мүгедектікті белгілеу бойынша 9,1 мың өтінім сырттай форматта қаралды.
Ал 2025 жылы сырттай куәландыру арқылы 113,1 мың өтінім қаралып, бұл мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 42,5%-ын құрады.
Сырттай проактивті куәландыру онкологиялық аурулар, туберкулез, туа біткен және жүре пайда болған анатомиялық кемістіктер, психикалық аурулар, балалардағы 1-типті қант диабеті, мукополисахаридоз, сондай-ақ ағза трансплантациясынан кейінгі жағдайлар бойынша жүргізіледі.
2025 жылы нозологиялық нысандар тізбесі кеңейтіліп, оған шынайы гидроцефалия, бір немесе бірнеше аяқ-қолдың тұрақты салдануы мен терең парездер енгізілді. Қазіргі таңда сырттай куәландыру 50-ден астам нозологиялық нысан бойынша жүзеге асырылады.
Бұл формат Мемлекет басшысының ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау, қағазбастылықты азайту және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету жөніндегі тапсырмасы аясында енгізілді.
Сырттай куәландыру кезінде азамат тек тіркелген жері бойынша медициналық ұйымға барып тексеруден өтеді. Қалған барлық кезеңдер — құжаттарды жолдау мен сараптамалық шешім шығару — азаматтың жеке қатысуынсыз, ақпараттық жүйелер арқылы жүргізіледі.
Жаңа формат:
- әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді жояды;
- МӘС шешімдерінің ашықтығын арттырады;
- қызметтерді үйден шықпай алуға мүмкіндік береді;
- тікелей байланыстарды шектеп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.