ҚСЗИ директоры: сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың басым көпшілігі Конституциялық реформаны қолдады

990
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстанда жүріп жатқан Конституциялық реформа қоғам тарапынан кең қолдауға ие, деп хабарлайды DKNews.kz. Тәуелсіз әлеуметтік зерттеуге қатысқан азаматтардың басым көпшілігі ұсынылып отырған өзгерістерді қолдап қана қоймай, оларды жеке әл-ауқат пен өмір сүру сапасының жақсаруымен тікелей байланыстырып отыр. Бұл туралы Конституциялық комиссияның кезекті отырысында айтылды.

Реформа тек биліктің емес, қоғамның да күн тәртібінде

Ауқымды конституциялық өзгерістер 2025 жылдың қазан айында басталған сәттен бастап жабық форматта емес, ашық қоғамдық диалог жағдайында жүргізіліп келеді. Басты ерекшелік – азаматтармен тұрақты кері байланыс орнатылуы.

Комиссия жұмысы басталғанға дейін-ақ қоғамнан 2 мыңнан астам бастамашыл ұсыныс түскен. Олардың қатарында қарапайым азаматтармен бірге заңгер-ғалымдар, сарапшылар, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар бар. Ал жаңа Конституция жобасы ашық жарияланғаннан кейін пікірталас тіпті жандана түсті: eOtinish платформасы арқылы жолданған өтініштердің саны 4 мыңнан асты.

Бұл – реформаның қоғам үшін жат емес, керісінше, маңызды әрі өзекті тақырыпқа айналғанын көрсетеді.

«Азаматтардың сұрақтары мен бастамаларын тұтастай алғанда үш негізгі бағыт бойынша топтастыруға болады, олар жүргізіліп жатқан реформаның сындарлы және оң қабылданып жатқанын көрсетеді», – деді ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов.

Конституцияға көзқарас өзгеріп келеді

Зерттеу мен қоғамдық талқылау нәтижелері бір маңызды үрдісті айқын көрсетті: қазақстандықтардың Конституцияға деген көзқарасы өзгеріп келеді. Ата заң енді тек билік тармақтарының өкілеттігін айқындайтын құқықтық құжат ретінде емес, мемлекеттің құндылықтары мен даму бағытын белгілейтін тірек мәтін ретінде қабылдана бастады.

«Азаматтардың едәуір бөлігі үшін Конституция билік органдарының өкілеттіктерін реттейтін заңды құжат ретінде ғана емес, сонымен қатар мемлекеттің құндылық бағдарларын, даму принциптерін белгілейтін негіздемелік мәтін ретінде қабылданып отыр», – деді Жандос Шаймарданов.

Азаматтар Конституциядағы нормалар қағаз жүзінде қалмай, нақты өмірде жұмыс істегенін қалайды.

«Азаматтардың өтініштеріне қарасақ, олар конституциялық нормалардың қолданбалы маңызы болады, күнделікті өмірге, әлеуметтік әділеттілікке және мемлекеттік шешімдердің сапасына әсер етеді деп күтуде», – деді ол.

«Заң және Тәртіп» – сенімнің негізі

Ұсыныстардың екінші ірі бағыты құқық үстемдігі мен әділеттілікке қатысты. Қоғам үшін бәрінің заң алдындағы теңдігі, ережелердің бірдей әрі түсінікті болуы барған сайын маңызды бола түскен.

«Азаматтардың едәуір бөлігі үшін Ата Заң адамның құқықтары мен бостандықтарының басымдығын қалай бекітіп, оларды қорғаудың түсінікті және бірыңғай ережелерін қалыптастыратыны шешуші мәнге ие», – деді ҚСЗИ директоры.

Оның айтуынша, Конституция жеке бас бостандығы мен ұлттық мүдделер арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететін негізгі құрал ретінде қарастырылады. Бұл теңгерім тек ішкі саясатта ғана емес, халықаралық міндеттемелер мен ұлттық заңнама арасындағы қатынаста да маңызды.

Мемлекеттік тіл мен зайырлылық мәселесі

Қоғамдық талқылауда мемлекеттік тілдің мәртебесі де назардан тыс қалған жоқ. Жаңа Конституция жобасында қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде нақты әрі айқын бекітілген.

Сонымен қатар мемлекет пен білім беру жүйесінің зайырлы сипаты да жеке бағыт ретінде талқылануда.

«Көптеген жылдар бойы қоғамда діннің мемлекеттен институционалдық тұрғыда бөлуге деген сұраныс қалыптасты. Бұл сұранысқа жауап ретінде Конституция дінді мемлекеттен бөлуді ұсынады», – деді Жандос Шаймарданов.

Жаңа Конституция жобасында зайырлылық ғылымға, инновацияға және адами капиталды дамытуға басымдық беретін заманауи білім беру жүйесінің негізі ретінде көрсетілген.

Сандар нені көрсетіп отыр?

«Қоғамдық пікір» институты жүргізген тәуелсіз әлеуметтік зерттеу реформаның қоғамдағы қабылдану деңгейін нақты сандармен көрсетеді.

«Сауалнамаға қатысқандардың 79%-ы жүргізіліп жатқан реформаларды уақтылы деп санайды. Респонденттердің 65%-ы ұсынылған өзгерістер олардың өміріне оң әсер ететініне сенеді», – деді ҚСЗИ директоры.

Конституциялық реформаға жалпы қолдау деңгейі де жоғары.

«Респонденттердің 78%-ы конституциялық реформаға қолдау білдірген», – деді ол.

Қоғаммен бірге жасалып жатқан өзгеріс

Бүгінгі реформаның басты ерекшелігі – оның қоғамнан алшақ емес, керісінше, азаматтардың белсенді қатысуымен жүзеге асуы. Конституция қоғамдық келісімнің тірегіне, ал реформалар нақты өмірге әсер ететін құралға айналуы тиіс деген үміт айқын сезіледі.

«Тәуелсіз әлеуметтік зерттеу нәтижелері көрсеткендей, конституциялық реформа азаматтарды кеңінен тартуға және қоғамдық қолдауға негізделген», – деп қорытындылады Жандос Шаймарданов.

Қазіргі таңда Конституция қазақстандықтар үшін абстрактілі құжат емес, әділеттілікке, тәртіпке және болашаққа деген ортақ көзқарасты айқындайтын тірекке айналып келеді. Бұл – қоғамның өзі талап етіп отырған өзгеріс.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -