Мұрат Әбенов жаңа Конституция туралы: Егемендік пен халықаралық құқықтың теңгерімі сақталған

1133
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Gov

Халықаралық шарттар мен ұлттық заңнама арасындағы арақатынас Қазақстанда көп жылдан бері талқыланып келе жатқан ең күрделі құқықтық мәселелердің бірі. Жаңа Конституция жобасы бұл тақырыпқа қайта оралып, бұрын жиі сынға ұшыраған тұстарды нақтылауды көздейді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Ұсынылып отырған өзгерістердің мәнін Мәжіліс депутаты, Конституциялық комиссия мүшесі Мұрат Әбенов түсіндіріп берді.

Халықаралық міндеттемелерден бас тарту жоқ

Депутаттың айтуынша, жаңа Конституция халықаралық құқықтан бас тартуды немесе бұрын қабылданған міндеттемелерді жоққа шығаруды көздемейді.

«Біз әріптестерімізбен бірге жоба нормаларын мұқият зерделедік. Маңыздысы – жаңа Конституцияда Қазақстан Республикасының ратификациялаған халықаралық шарттары мен халықаралық құқықтың жалпыға танылған нормаларының заңдық күшін жоққа шығаратын ешқандай ереже жоқ», – деді Мұрат Әбенов.

Оның сөзінше, Қазақстан өзге мемлекеттермен қарым-қатынаста өзара сыйластық қағидатына адал болып қала береді және БҰҰ аясындағы адам құқықтары жөніндегі негізгі халықаралық шарттар бойынша міндеттемелерін сақтайды. Жоба мәтінінде адамның ажырамас құқықтары мен бостандықтарына қатысты халықаралық міндеттемелерден бас тартуды білдіретін ешқандай норма қарастырылмаған.

Бұрынғы жүйеде қандай проблема болды

Өзгерістердің бірінші блогы халықаралық шарттардың ұлттық заңдардан басымдығына байланысты туындаған құқықтық қайшылықтарды жоюға бағытталған.

«Қолданыстағы Конституцияда заң мен халықаралық шарт арасында қайшылық болған жағдайда халықаралық шарттың нормалары қолданылуы мүмкін еді. Тәжірибеде бұл ұлттық заңнамаға, тіпті азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын іске асыруға кері әсер етуі ықтимал жағдайларда да халықаралық келісім ережелерінің автоматты түрде қолданылуына әкелді», – деп атап өтті Әбенов.

Яғни, кей жағдайларда халықаралық келісімдер ұлттық заңдарға қайшы келсе де, оларды өзгерту немесе түзету мүмкін болмай, бұл азаматтардың құқықтарына теріс әсер етуі мүмкін еді.

«Сапасыз» шарттардың тәуекелі

Депутат халықаралық шарттардың мазмұнына қатысты тағы бір маңызды тәуекелге назар аударды.

«Мұндай шарттарды жасау кезінде кеткен нақтылаусыз және анық емес міндеттемелер кейіннен басым күшке ие болып, оларды Қазақстан заңдары арқылы түзету мүмкін болмай қалды. Бұл құқықтық жүйенің тұрақтылығына кері әсер етті», – деді ол.

Бұл дегеніміз – келісім жасалған сәттегі қателік немесе екіұшты тұжырым кейін бүкіл құқықтық жүйеге әсер етіп, оны ұлттық деңгейде реттеу мүмкіндігін шектейтін.

Конституция – сөзсіз жоғары орында

Жаңа Конституция жобасында басқа модель ұсынылады. Мұрат Әбеновтің түсіндіруінше, халықаралық шарттар қолданыстағы құқық мәртебесін сақтайды, бірақ ең жоғары заңдық күш ешқандай ескертусіз тек Конституцияға ғана тиесілі болады.

Бұл құқықтық иерархияны нақтылап, негізгі құндылықтарды қорғауға бағытталған қадам ретінде бағаланып отыр.

Халықаралық шарттарды қолдану тәртібі де өзгереді

Өзгерістердің екінші блогы халықаралық шарттарды қолдану тәртібіне қатысты.

«Қолданыстағы Конституциядағы тағы бір кемшілік – халықаралық шарттардың күшіне ену тәртібі “Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалуы мүмкін” деген норма», – деп атап өтті Әбенов.

Оның айтуынша, мұндай тұжырым Ата заңның логикасына қайшы келеді, құқықтық белгісіздік туғызады және мемлекеттік органдардың құзыретін нақты ажыратпайды. Бұл әсіресе халықаралық сауда, техникалық реттеу және стандарттарды сақтау салаларында құқықтық дауларға жол ашқан.

Ашық рәсімдер – тұрақты жүйенің кепілі

Мұрат Әбенов халықаралық міндеттемелердің орындалуында ашық рәсімдердің маңызын да атап өтті.

«Құрылтай аясындағы талқылауды қоса алғанда, заңдарды ашық әрі жария рәсімдер арқылы қабылдау, мемлекеттік органдардың өкілеттігі мен жауапкершілігін нақты бекіту, қажетті қаржылық ресурстарды айқындау, сондай-ақ парламенттік бақылау тетіктері халықаралық міндеттемелерді орындаудың неғұрлым тиімді әрі болжамды жүйесін қалыптастырады», – деді депутат.

Оның пікірінше, дәл осындай тәсіл құқықтық жүйені тұрақты әрі түсінікті етеді.

Айқын иерархия – айқын ереже

Қорытындылай келе, Мұрат Әбенов ең жоғары заңдық күш тек Конституцияға тиесілі болатын нақты иерархия құқықтық жүйені барынша айқын ететінін атап өтті.

«Бұл жағдайда конституциялық реттеудің басты мақсаты – негізгі конституциялық құндылықтардың тұрақтылығын, азаматтардың құқықтық кепілдіктерін және заңнаманың өзара үйлесімділігін қамтамасыз ету», – деп түйіндеді ол.

Жаңа Конституция жобасы халықаралық құқықтан бас тартуды емес, оны ұлттық мүдде мен азаматтардың құқықтарын қорғау тұрғысынан неғұрлым теңгерімді әрі түсінікті жүйеге келтіруді көздейді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -