Біз алдағы уақытта Конституцияның жаңа мәтінін емес, болашақта өмір сүргіміз келетін мемлекеттің моделін таңдайтын боламыз – Ерлан Қарин

1100
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстанда Жаңа Конституция жобасы төңірегіндегі талқылау ең маңызды мазмұндық кезеңге өтті. Конституциялық комиссияның отырысында мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин ұсынылып отырған құжаттың қолданыстағы Конституциядан түбегейлі айырмашылығын түсіндіріп, қоғамда қызу талқыланып жатқан негізгі сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Адам құқықтары – Конституцияның өзегінде

Ерлан Қариннің айтуынша, жаңа Конституцияның басты ерекшелігі – адам құқықтары мен бостандықтарының ең жоғары орынға шығуы.

«Жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтары, сөз бостандығы бірінші орынға қойылған. Жаңа Конституция жобасының негізгі идеяларының бірі – мемлекеттің адамға бағдарлануы, яғни мемлекет адам үшін қызмет етеді», – деді ол.

Оның айтуынша, бұл қағида жай ғана декларация емес, нақты баптар арқылы бекітілген.

Атап айтқанда:

  • 3-баптың бірінші тармағында Қазақстан Республикасының қызметінің негізгі қағидаттары адам құқықтары мен бостандықтарын ерекше қорғау екені көрсетілген;
  • 14-баптың бірінші тармағында Қазақстан Республикасында адам құқықтары мен бостандықтарына кепілдік берілетіні тікелей жазылған;
  • 23-баптың бесінші тармағында цензураға тыйым салынған, ал осы баптың бірінші тармағында сөз бостандығына кепілдік берілген.

Мемлекеттік кеңесшінің сөзінше, жаңа Конституцияда сөз бостандығына да, адам құқықтарына да ешқандай шектеу жоқ. Керісінше, бұл нормалар бұрынғы Конституциямен салыстырғанда едәуір кеңейтілген.

Өтпелі кезең Конституциясынан – кемел мемлекеттің құжатына

Ерлан Қарин қолданыстағы Конституцияның тарихи рөлін де атап өтті.

«Әрине, қолданыстағы Конституция елдің дамуына және мемлекеттіліктің қалыптасуына өз үлесін қосты. Алайда ол тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде, күрделі өтпелі уақытта қабылданды. Ал қазіргі Қазақстан – қалыптасқан, тәуелсіз мемлекет, халықаралық қауымдастықта өз орны бар ел», – деді ол.

Оның айтуынша, 1995 жылғы Конституция посткеңестік өтпелі кезеңнің құжаты болды, ал жаңа Конституция – ұлттық мүдделерге негізделген, қазіргі заман талаптарына сай Ата заң.

«Бұрынғы Конституцияда мемлекеттің мүддесіне басымдық берілсе, жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтары алдыңғы қатарға шықты», – деп атап өтті Ерлан Қарин.

Сондай-ақ ол бұрынғы Конституцияда ұлттық және тарихи бірегейліктің жеткілікті деңгейде көрініс таппағанын, ал жаңа жоба бұл мәселені нақты әрі саналы түрде бекітетінін айтты.

Аумақтық тұтастыққа қатысты алыпқашпа әңгімелер

Қоғамда ең көп талқыланған тақырыптардың бірі – аумақтық тұтастық мәселесі. Ерлан Қарин бұл бағытта тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын қатаң мәлімдеді.

«Ең бастысы – мұндай аса маңызды жалпыұлттық мәселелерді эмоциямен емес, ақылмен саралап, салмақтап талдау қажет. Кейбір азаматтардың Конституцияда әкімшілік-аумақтық құрылым мен елдің аумақтық тұтастығы өзгертіледі деген пікірлері – шын мәнінде жалған ақпарат, таза манипуляция», – деді ол.

Оның айтуынша, жаңа Конституцияда мұндай өзгерістерге жол бермейтін нақты әрі сенімді тосқауылдар қарастырылған.

Құжатта бұл қалай бекітілген

Мемлекеттік кеңесші аумақтық тұтастық қағидаты Конституция жобасында тікелей әрі екіұшты түсіндіруге жол бермейтін түрде жазылғанын атап өтті.

«Атап айтқанда, жаңа преамбулада мемлекеттік шекараның мызғымастығы мен елдің аумақтық тұтастығы нақты бекітілген. Сондай-ақ екінші баптың алтыншы тармағында Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы өзгертілмейтіні тікелей көрсетілген», – деді Ерлан Қарин.

Бұл дегеніміз – Қазақстанның аумақтық тұтастығы болашақта ешқандай жағдайда талқылау нысаны болмайды.

«Бұдан бөлек, мұндай мәселелер референдумға да шығарылмайды», – деп нақтылады ол.

Қоғамға үндеу

Сөз соңында мемлекеттік кеңесші азаматтарды таралып жатқан ақпаратқа сын көзбен қарауға шақырды. Оның айтуынша, Конституция сияқты маңызды тақырыптар эмоцияға емес, нақты мәтін мен фактілерге сүйене отырып талдануы тиіс.

Қазір қандай кезең өтіп жатыр

Қазіргі уақытта Конституциялық комиссияның жетінші отырысы өтіп жатыр. Жаңа Конституция жобасы бұған дейін жарияланған. Құжат преамбуладан, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады.

Онда алғаш рет адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланған, халық мемлекеттік биліктің жалғыз көзі әрі егемендіктің иесі ретінде бекітілген. Сонымен қатар Қазақстанның унитарлығы, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығының өзгермейтіндігі нақты көрсетілген.

Жаңа Конституция – жекелеген түзетулер жиынтығы емес, Қазақстанды кемел, жауапты және адамға бағдарланған мемлекет ретінде дамытудың жүйелі таңдауы ретінде ұсынылып отыр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -