Алатауда не салынады және онда кімдер жұмыс істейді?

924
Анастасия Ким Редактор
Фотосурет: UKIMET

Қазақстанда жаңа экономикалық орталық пайда болғалы тұр.

Президент тапсырмаларын іске асыру аясында Премьер-министр **Олжас Бектенов**тің төрағалығымен Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңестің отырысы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жиында тек инфрақұрылым немесе инвестиция ғана емес, Алатаудың қандай қала болатыны, онда кімдер өмір сүретіні және ол Қазақстан экономикасына не беретіні кеңінен талқыланды.

Президент бақылауындағы жоба

Кеңесті ашқан Премьер-министр Мемлекет басшысының Alatau City жобасына ерекше мән беріп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Алатау – жай ғана жаңа қала емес, ұзақмерзімді экономикалық өсудің жаңа драйвері.

«Алатау қаласын дамыту – бұл жеделдетілген дамудың заманауи, цифрлық әрі инновациялық қаласын құру», – деді Олжас Бектенов.

Маңыздысы – Алатауда енгізілетін арнайы құқықтық режимдер елдің әкімшілік-аумақтық тұтастығына әсер етпейді. Бұл норма жаңа Конституция жобасында нақты бекітілген.

1,8 трлн теңге және 30 мың жұмыс орны

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қаланы дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Қазіргі таңда Парламентте «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы қаралып жатыр.

Алатаудың инвестициялық портфелі ауқымды:

  • 44 жоба
  • Жалпы көлемі – 1,8 трлн теңге
  • 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орны

Жобалар өнеркәсіп, логистика, агроөңдеу, қызмет көрсету және креативті индустрия салаларын қамтиды. Яғни, Алатау – тек зауыттар қаласы емес, әртараптандырылған экономикасы бар мегаполис болмақ.

Iconic Complex пен KAIST: қаланың жүрегі қандай болады?

Алатаудың сәулеттік және іскерлік өзегі ретінде Iconic Complex көпфункционалды кешені салынады. Ал адами капиталды дамытуда басты рөлді KAIST Kazakhstan технологиялық университеті атқармақ. Бұл оқу орны жоғары білікті мамандар даярлап, жаңа технологияларды дамыту орталығына айналуы тиіс.

Инфрақұрылымсыз қала болмайды

Үкімет Алатауда инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуды басымдыққа қойып отыр. Қазірдің өзінде бірнеше ірі жоба іске асырылуда:

  • Энергия: 220/110 кВ «Арна» қосалқы стансасы, тағы 6 станса жобалануда
  • Су: «Ынтымақ» су қоймасын кеңейту, жаңа су тоғандары мен тазарту стансасы
  • Газ: Gate City-1 жаңа газ тарату стансасы, Жетіген АГТС
  • Жол: Golden, Gate және Growing District аудандарына жаңа жолдар

Бұл инфрақұрылым ірі зәкірлік инвесторларды тартудың негізгі шарты екені атап өтілді.

Алатауда кімдер тұрады?

Жиында сапалы адами капитал мәселесіне ерекше назар аударылды. Шэньчжэнь, Дубай және Сингапур тәжірибесіне сүйене отырып, Алатау үшін селективті көші-қон және кадр саясаты ұсынылды.

Негізгі мақсат:

  • еңбек нарығын экономиканың нақты қажеттіліктерімен байланыстыру;
  • жоғары білікті және басқарушы кадрларда қазақстандық мамандардың үлесін арттыру;
  • дағдыларды үздіксіз жаңғырту.

Жедел комитет және ашық ережелер

Отырыс қорытындысы бойынша Алатауды дамытуға қатысты барлық процестерді үйлестіру үшін Жедел комитет құрылды. Сонымен қатар, нормативтік актілерді әзірлеуге халықаралық сарапшыларды тарту тапсырылды.

Үкіметтің басты талабы – инвесторлар үшін түсінікті, ашық әрі болжамды ережелер.

Алатау – бұл жай ғана жаңа қала емес. Бұл – Қазақстанның болашақ урбанистік моделі, жаңа экономикалық философиясы мен адами капиталына жасалған инвестиция. Ал бұл жобаның қалай жүзеге асатынын енді бүкіл ел жіті бақылап отыр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -