Жаңа Конституция жобасы қоғамда әртүрлі пікір туғызды. Бірі эмоциямен қабылдап жатса, енді бірі жекелеген баптарға ғана назар аударады. Алайда кейде ең маңызды өзгерістер көзге бірден түсе бермейтін, техникалық сипаттағы нормалардың ішінде жасырынып жатады. Осындай бір маңызды жайтқа Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» басқарма мүшесі, басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жәркенов назар аударды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Оның айтуынша, жаңа Конституция – тек құқықтық нормалар жиынтығы емес, елдің болашақтағы бағытын айқындайтын терең мағыналы құжат.
Конституция – мемлекеттің тірегі
Тимур Жәркенов Конституцияның кез келген мемлекет үшін айрықша маңызы бар екенін атап өтеді. Бұл – құқықтық жүйенің негізі, елдің қандай қағидаттарға сүйеніп дамитынын белгілейтін басты құжат.
Сонымен бірге ол жаңа Конституция жөнінде айтылып жатқан пікірлердің сан алуан екенін айтады. Біреулер асығыс қорытынды жасайды, енді біреулер мәтінді толық оқымай жатып баға береді. Ал оның пікірінше, бұл құжатты тұтас күйінде, асықпай оқып шығу қажет.
Оның айтуынша, әзірлеушілер тарапынан үлкен еңбек сіңірілген. Мұқият қараған адам құжаттың ішінен елдің болашағына қатысты нақты көзқарасты, қандай мемлекет құруды мақсат етіп отырғанымызды аңғара алады.
Көзге түсе бермейтін, бірақ шешуші норма
Халықаралық құқықпен жиі жұмыс істейтін маман ретінде Тимур Жәркенов жаңа Конституция жобасын оқығанда бір маңызды жайтқа бірден назар аударғанын айтады. Алғашында ол көпшілікке қызықсыз, әсері шамалы болып көрінуі мүмкін.
Сөз халықаралық шарттар мен ұлттық заңнаманың арақатынасы туралы.
Қолданыстағы Конституцияда Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттар ұлттық заңдардан басым деп көрсетілген. Яғни қайшылық туындаған жағдайда халықаралық норма тікелей қолданылады.
Ал жаңа Конституция жобасында бұл тәсіл өзгереді.
Енді халықаралық шарттардың Қазақстан аумағында қалай қолданылатыны Қазақстан Республикасының заңдары арқылы айқындалады.
Айырмашылық неде
Тимур Жәркенов бұл өзгерісті аса маңызды деп бағалайды.
Бұрын халықаралық шарттар ішкі заңнамадан жоғары тұрса, енді олар ұлттық құқықтық жүйе аясында іске асады. Яғни шешуші рөлді өз заңдарымыз, өз мемлекеттік институттарымыз атқарады.
Бұл халықаралық міндеттемелерден бас тарту деген сөз емес. Керісінше, оларды қалай, қандай тәртіппен және қандай шекте қолданатынымызды елдің өзі айқындайды.
Осы тұста ол «айырмашылықты байқадыңыз ба?» деген сұрақты қояды.
Уақтылы әрі қажет қадам
Әрине, мұндай өзгеріс болашақта қосымша нақтылауды талап етуі мүмкін. Дегенмен Тимур Жәркеновтің пікірінше, бұл – қазіргі кезең үшін аса орынды әрі дер кезінде жасалған қадам.
Әсіресе халықаралық жағдай күрделі кезеңге аяқ басқан тұста ұлттық заңнаманың рөлін күшейту, мемлекеттік егемендікті нақты құқықтық тетіктер арқылы бекіту ерекше маңызға ие.
Осы себепті ол жаңа Конституцияны қабылдауды қолдайтынын ашық білдіреді.
Кейде тағдырды бір сөйлем шешеді
Бұл пікір бір шындықты айқын көрсетеді: Конституциядағы ең маңызды өзгерістер әрдайым ұранды, көзге бірден түсетін баптарда бола бермейді. Кейде елдің болашағына ықпал ететін шешім бір ғана сөйлемнің қалай жазылғанына байланысты болады.
Сондықтан жаңа Конституцияны талқылауда эмоцияға емес, осындай нақты құқықтық тетіктерге назар аудару қажет. Өйткені мемлекеттің шынайы дербестігі сөзбен емес, заңда бекітілген механизмдермен өлшенеді.