Мемлекет экономикасының «көрінбейтін» тетіктері бір сәтте айқын әрі түсінікті бола ала ма? Қазақстанда бұл сұраққа нақты жауап беретін жоба іске қосылды.
Ол – Тауарлардың ұлттық каталогы (ТҰК). Жуырда ол түбегейлі жаңарып, жасанды интеллектіге негізделген цифрлы экожүйеге айналды. Енді еліміздегі әр тауардың өз цифрлы төлқұжаты бар, деп хабарлайды DKNews.kz.
Әр тауарға – жеке «паспорт»
ҚР Президентінің экономиканы цифрландыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Қаржы министрлігінің Электрондық қаржы орталығы (Digital Qarjy) Ұлттық каталогты ауқымды түрде жаңғыртты. Нәтижесі әсерлі:
бұрын 1,3 млн номенклатуралық позицияны қамтыған база бүгінде 15 миллионнан асты. Яғни каталог он есеге кеңейді.
Ең басты жаңалық – нарықтағы әр өнімге 13 таңбалы бірегей цифрлы идентификатор берілуі.
- NTIN – тауарды сату үшін,
- KZTIN – мемлекеттік сатып алуға арналған.
Бұл кодтар тауардың «өмірбаянын» басынан аяғына дейін бақылауға мүмкіндік береді: өндірілуінен немесе импортынан бастап, дүкендегі фискалды чекке дейін.
Бұрынғы бейберекет деректер – енді бір жүйеде
Кеден, салық, мемлекеттік сатып алу жүйелері ұзақ жылдар бойы әртүрлі дерекқорлармен жұмыс істеп келді. Бұл тауар сипаттамаларының өзгеруіне, қайталануына, кейде тіпті есептегі олқылықтарға әкелетін.
Жаңартылған ТҰК осы бытыраңқылықты жойды. Бірыңғай жіктеу тауар қозғалысын толық әрі нақты қадағалауға жол ашты. Енді «бір тауар – бір сипаттама – бір код» қағидасы іске асады.
ЖИ – цифрлы «санитар»
Каталогтың басты ерекшелігі – жасанды интеллектіге негізделген каскадты модель. Ол деректерді автоматты түрде тексеріп, қате немесе қайталанатын жазбаларды анықтайды. Мамандар мұны бейресми түрде «цифрлы санитар» деп атап жүр.
Машиналық оқыту алгоритмдері тауарларды халықаралық стандарттармен (Жалпы жіктеуіштер, СЭҚ ТН және өзге де анықтамалықтар) бірнеше минуттың ішінде сәйкестендіреді.
Ең қызығы – өнімді тану дәлдігі 80 пайыздан жоғары.
Бизнеске де, мемлекетке де тиімді
ТҰК Қаржы министрлігінің негізгі ақпараттық жүйелерімен – электрондық шот-фактуралармен, мемлекеттік сатып алу порталымен толық интеграцияланған. Бұл кәсіпкерлер үшін бюрократияның азаюын білдіреді.
Экспорт-импорт операциялары жылдамдайды, процестер болжамды әрі ашық бола түседі. Ал мемлекет үшін бұл – контрафактіге қарсы нақты құрал, баға мониторингін нақты уақыт режимінде жүргізу мүмкіндігі.
Міндетті талаптар және өтпелі кезең
Нарықтың жаңа жүйеге ауыртпалықсыз көшуі үшін Қаржы министрлігі, Сауда және интеграция министрлігі және «Атамекен» ҰКП арасында меморандумға қол қойылды. Онда ТҰК талаптарын кезең-кезеңімен енгізу көзделген.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап NTIN/XTIN кодтарын:
- электрондық шот-фактураларда,
- ілеспе жүкқұжаттарда,
- мемлекеттік сатып алу порталындағы құжаттарда қолдану міндетті.
Өтпелі кезеңде уақытша XTIN кодтарын беру тетігі қарастырылған. Бұл сауда-саттықтың тоқтап қалмауына мүмкіндік береді.
Цифрлы экономикаға жасалған нақты қадам
Жаңартылған Тауарлардың ұлттық каталогы – жай ғана дерекқор емес. Бұл – бағаны бұрмалау, тауар сипаттамасын ауыстыру және есеп жүргізудегі кемшіліктермен күресетін жүйелі құрал.
Қазақстан осылайша ашық, әділ әрі цифрлы экономика құру жолында тағы бір маңызды қадам жасады. Ал әр тауардың цифрлы төлқұжаты – осы жолдағы басты кепілдердің бірі.