Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 28 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау аясында Қазақстанда электр энергетикасын жүйелі дамыту және инфрақұрылымдық сенімділіктің жаңа деңгейіне көшу бағытындағы ауқымды жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қабылданып жатқан шаралар белгіленген қуатты арттыруға, жаңа генерацияны жаңғырту мен салуға, сондай-ақ энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін тұрақты инвестициялық тетіктерді қалыптастыруға бағытталған.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына қарай ел ішкі электр энергиясы қажеттілігін толық жабады, ал 2029 жылға қарай тұрақты профицитке шығады.
Энергожүйенің қазіргі ахуалы
Қазіргі таңда жаңадан іске қосылған нысандарды ескере отырып, Қазақстанның энергожүйесі 241 энергия көзін қамтиды. Оның 162-сі – жаңартылатын энергия көздері.
2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы белгіленген қуат 26,7 ГВт-қа жетіп, бір жыл ішінде 1,4 ГВт-қа артты.
Генерация құрылымы мынадай:
- көмір электр стансалары – 13,8 ГВт
- газ стансалары – 6,8 ГВт
- ірі гидроэлектростанциялар – 2,5 ГВт
- жаңартылатын энергия көздері – 3,6 ГВт
Бұл теңгерім энергожүйенің тұрақтылығын сақтай отырып, оны кезең-кезеңімен әртараптандыруға мүмкіндік береді.
2027–2029: шешуші жылдар
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, жүзеге асырылып жатқан жобалар экономиканың орта мерзімді перспективадағы электр энергиясына деген сұранысын толық қамтамасыз етеді.
«2027 жылға қарай экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігі толық жабылады. 2029 жылға қарай тұрақты профицитке шығу жоспарланып отыр. Барлық жұмыстар еліміздің энергожүйесінің сенімділігін, тиімділігін және тұрақтылығын арттыруға бағытталған», – деді министр.
2024–2027 жылдары жаңа қуаттарды енгізу кестесі мынадай:
- 2024 жыл – 771 МВт
- 2025 жыл – 669 МВт
- 2026 жыл – шамамен 2,6 ГВт
- 2027 жыл – шамамен 1 ГВт
2035 жылға дейінгі жоспар: 26 ГВт-тан астам жаңа қуат
2035 жылға дейін энергетика саласын дамыту жоспары аясында 26 ГВт-тан астам жаңа генерация іске қосылады. Оның ішінде:
- 5 ГВт – қолданыстағы стансаларды жаңғырту
- 10,5 ГВт – жаңа дәстүрлі генерация
- 8,4 ГВт – жаңартылатын энергия көздері
- 2,4 ГВт – атом электр стансасы
Бұл модель экономикалық өсімді жеделдете отырып, энергиямен үздіксіз қамтамасыз етуге бағытталған.
Маневрлік генерацияға басымдық
Жаңа қуаттардың шамамен 31,4%-ы маневрлік генерация сегментіне тиесілі. Бұл жүктемені реттеу мен жүйенің икемділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Маневрлік қуаттар құрылымында:
- гидроэлектростанциялар – 1,17 ГВт
- бу-газ қондырғылары – 5,6 ГВт
- Екібастұз МАЭС-3 – 1,5 ГВт маневрлік қуат
Қызылорда, Түркістан облыстарында және Алматы қаласында ірі БГҚ жобалары аяқталу сатысында тұр.
ЖЭК және энергия жинақтау жүйелері
Жаңартылатын энергетиканы дамыту энергия жинақтау жүйелерін енгізумен қатар жүруде. Ірі жобалар аясында сыйымдылығы 3 ГВт/сағ-тан асатын жинақтағыштар орнатылады.
Бұл төмен жүктеме сағаттарында артық энергияны жинақтап, ең жоғары жүктеме кезеңінде пайдалануға мүмкіндік береді.
Инвестициялар: нақты жобалар кезеңі
Қазіргі таңда жалпы құны 13,1 трлн теңге болатын, қуаты 15,3 ГВт-ты құрайтын 81 жоба белсенді іске асырылуда. Оның ішінде:
- 30 дәстүрлі генерация жобасы – 10,2 ГВт
- 51 ЖЭК жобасы – 5,1 ГВт
2024–2025 жылдары 16 инвестициялық келісім жасалды. Бұл саланың инвестициялық тартымдылығы қалпына келгенін көрсетеді.
Көмір генерациясы: стратегиялық ресурс
Президент тапсырмасына сәйкес «таза көмір» технологияларына басымдық бере отырып, көмір генерациясын дамыту жобалары әзірленуде. Жоспарланған қуат – 7,6 ГВт.
Екібастұз МАЭС-3 (2 640 МВт) және Курчатовтағы жаңа станса (700 МВт) жобалары – осы бағыттағы негізгі тіректер. Сонымен қатар Көкшетау, Семей және Өскеменде ЖЭО жобалары іске асырылуда.
2026 жылы 9 энергоблок, 55 қазандық және 51 турбина күрделі жөндеуден өтеді. Бұл ЖЭО тозуын 61%-дан 59%-ға дейін төмендетеді.
Электр желілері мен стратегиялық жобалар
Ұлттық энергожүйені нығайту мақсатында:
- оңтүстік аймақтың электр желілері күшейтілуде;
- Батыс Қазақстан энергожүйесін Бірыңғай ұлттық энергожүйемен біріктіру жобасы іске асырылуда.
Сонымен қатар Каспий теңізінің түбі арқылы өтетін жасыл энергетикалық дәліз жобасы өңірлік экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған.
Тұрақты энергетикалық контур қалыптасуда
Жаңа қуаттарды кезең-кезеңімен енгізу, генерацияны жаңғырту және инвестициялық тетіктерді іске қосу Қазақстанды энергия тапшылығы тәуекелінен шығарып, экономиканың ұзақмерзімді өсуіне негіз қалайды.

