2026 жылғы 5 ақпан кешінде Алатау қаласының Заречный шағынауданында нағыз сынаққа айналған жағдай орын алды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Сағат шамамен 20:30-да №20 көпқабатты тұрғын үйдің екінші қабатындағы пәтерден өрт шығып, қою қара түтін бүкіл подъезді лезде басып қалды. Кешкі тыныштықты бұзған бұл оқиға тұрғындардың өміріне тікелей қауіп төндірді.
Осы сәтте жұмыстан кейін үйлеріне қайтып бара жатқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 3660 әскери бөлімінің әскери қызметшілері – аға лейтенант Ербол Арыстанов, сержант Бауыржан Жайдарин және ефрейтор Нұржан Бекболатов – жағдайды бірден аңғарды. Пәтерден шыққан қою түтінді көре сала, олар уақыт оздырмай 101 және 103 қызметтеріне хабар беріп, кәсіби борыштан тыс болса да, адам өмірін сақтауды бірінші орынға қойды.
Өрт шыққан үйдің подъезді санаулы минут ішінде түтінге толып, адамдардың өздігінен сыртқа шығуын қиындатты. Әсіресе балалар, әйелдер мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жағдай өте қауіпті болды. Әскери қызметшілер бір-бірімен үйлесімді әрекет етіп, қабат-қабатпен жүріп, тұрғындарды қауіпсіз жерге шығаруға кірісті. Нәтижесінде шамамен 20 бала, бірнеше әйел және қозғалысы шектеулі азаматтар аман-есен эвакуацияланды.
Ең күрделі жағдай бесінші қабатта тіркелді. Онда сыртынан құлыпталып қалған пәтерде үш кәмелетке толмаған бала болған. Қалың түтін мен көмірқышқыл газының иісі әр секунд сайын қауіпті күшейтті. Соған қарамастан, әскери қызметшілер жоғарғы қабатқа көтеріліп, таза ауаның келуін қамтамасыз етуге тырысты. Кейін есікті бұзып, балаларды түтін құрсауынан алып шықты.
Оқиғаға куә болған аға лейтенант Ербол Арыстанов сол сәтті былай еске алады:
«Екінші қабаттағы пәтердің терезесінен жалын мен қою түтін шыққанын көрдік. Подъезд толығымен түтінге оранды, тыныс алу қиын болды. Бірақ ішінде балалар мен қарттар бар екенін түсіндік. Сол себепті бір сәтке де кідірмей, тұрғындарға көмектесуге кірістік», – дейді ол.
Көп ұзамай оқиға орнына келген өрт сөндіру қызметінің мамандары өртті оқшаулап, толықтай сөндірді. Облыстық ТЖД күштерімен жалын ауыздықталып, қауіп сейілді. Қазіргі таңда өрттің шығу себептері анықталып жатыр.
Бұл оқиға – жай ғана төтенше жағдай емес, азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі. Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің жеделдігі мен батылдығының арқасында ондаған адамның, ең бастысы – балалардың өмірі сақталып қалды. Мұндай сәттерде әскери анттың тек қызмет барысында емес, күнделікті өмірде де мәні зор екенін түсінесің.