Алматыда инклюзивті спортты дамытуға бағытталған жаңа спорт орталығының құрылысы басталды. Жоба параспортшыларды қолдауға және спорт инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыруға арналған. Бұл туралы қаладағы Спорт басқармасының өкілдері хабарлады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жаңа нысан мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бейімделген спорт түрлерін дамытуға арналған кешенді алаң болмақ.

Қандай мүмкіндіктер қарастырылған
Ведомство мәліметінше, екі қабатты спорт орталығының жалпы ауданы 7,6 мың шаршы метрді құрайды. Ғимаратта:
- бассейндер
- әмбебап және жаттығу залдары
- үстел ойындарына және үстел теннисіне арналған залдар
- садақ атуға арналған арнайы алаң
- конференц-зал орналасады.
Барлық кеңістік инклюзивті талаптарға сай жобаланып, қозғалысы шектеулі спортшылардың еркін пайдалануына бейімделеді.

Қандай спорт түрлері дамытылады
Инклюзивті спорт орталығында бейімделген спорттың кең ауқымы қамтылады. Атап айтқанда, мұнда:
- жүзу
- жеңіл атлетика
- пауэрлифтинг
- үстел теннисі
- бадминтон
- дзюдо
- таэквондо
- отырып ойнайтын волейбол
- голбол
- бочча
- арба биі
- паравелоспорт
- ату спорты және басқа да бейімделген спорт түрлері бойынша тұрақты жаттығулар өткізіледі.

Құрылыстың мерзімі
Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың тамыз айында басталған. Жоспарға сәйкес, спорт орталығы 2026 жылдың IV тоқсанында пайдалануға берілмек.
Мамандардың айтуынша, бұл жоба Алматыдағы параспорт инфрақұрылымын жаңа деңгейге шығарып, инклюзивті спортты жүйелі дамытуға мүмкіндік береді.