Мемлекеттік аннуитеттік компания деректеріне сәйкес, 2025 жылы 35 мыңнан астам қазақстандыққа төленген сақтандыру төлемдерінің жалпы көлемі 2,7 млрд теңгеден асты. Бұл көрсеткіш компанияның әлеуметтік бағыттағы қызметінің ауқымын айқындайды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бүгінде МАК міндетті және ерікті бағдарламалар шеңберінде өмірді сақтандыру қызметтерін ұсынып келеді. Компанияның негізгі міндеттерінің бірі – қызметкерлерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырумен қамтамасыз ету.
Сақтандыру портфелі кеңейіп келеді
2025 жылдың қорытындысын МАК Басқарма төрағасы Қуаныш Мұқажанов қорытындылап, компания ерікті сақтандыру өнімдерін дамытуға ерекше назар аударып отырғанын атап өтті.
«Біз сақтандыру портфелін әртараптандыру мен ерікті өнімдерді дамытудың маңызын түсінеміз. Осыған байланысты АҚШ долларында жинақтауға арналған, кірістіліктің ең жоғары мөлшерлемесі бар Demeu өнімін сатуды іске қостық. Сондай-ақ зейнетақы аннуитеттерінің тартымдылығын арттыру бағытында жұмыс жүргізіп келеміз. Demeu Business өнімі көптеген компанияларға негізгі қызметкерлердің тұрақтылығы мен ынталандыру мәселелерін шешуге көмектесіп отыр», – деді ол.
Қайта сақтандыру және рекордтық көрсеткіштер
2025 жылы МАК сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының қатысушысы атанды. Оның аясында жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттары бойынша тәуекелдер нарық қатысушылары арасында пропорционалды түрде қайта сақтандыруға берілуде.
Қазіргі уақытта компания қайта сақтандыру лицензиясын алу бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.
Сондай-ақ 2025 жылы қызметкерлерді міндетті сақтандыру шарттары бойынша жиналған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 4,3 млрд теңгеге жетіп, бұл МАК тарихындағы ең жоғары көрсеткіш болды.
Өткен жылы ЖОМС шарттары бойынша соңғы жеті жылдағы рекордтық көлемде тәуекелдер қабылданып, барлық сақтандыру өнімдері бойынша 3,7 мың шарт жасалды. Осы шарттар аясында 257 мыңнан астам қазақстандық сақтандыру қорғанысымен қамтылды.
МАК-тың әлеуметтік миссиясы
Еске сала кетейік, компания 2004 жылы Үкіметтің бастамасымен құрылған. Оған еліміз үшін жаңа әлеуметтік саясат құралы – зейнетақы аннуитеттерін іске асыру мандаты берілді.
МАК республикада алғашқылардың бірі болып өмір бойғы сақтандыру төлемдері бойынша шарттар жасасып, қосымша зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің негізгі буынына айналды.
Қандай төлемдер жүзеге асырылады
Сақтандырылған қызметкерлер үшін әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МАК тарапынан мынадай төлемдер жүргізіледі:
- денсаулыққа келтірілген зиянға байланысты қосымша шығындарды өтеу;
- өндірістегі жазатайым оқиға салдарынан еңбекке қабілеттілігін жоғалтқан тұлғаларға аннуитеттік төлемдер;
- асыраушысынан айырылуына байланысты аннуитеттік төлемдер;
- зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндер үшін зейнеталды аннуитет төлемдері;
- өндірістегі жазатайым оқиға салдарынан қызметкер қайтыс болған жағдайда жерлеу шығындарын өтеу.
Зейнетақы аннуитеті: кімдер ертерек ала алады
БЖЗҚ-да жеткілікті зейнетақы жинақтары болған жағдайда азаматтар зейнетақы аннуитеті шартын жасасып, белгіленген жасқа жетпей-ақ төлем ала алады.
Атап айтқанда:
- ерлер – 55 жастан;
- әйелдер – 53 жастан;
- міндетті кәсіби жарналары бар азаматтар – 50 жастан бастап төлем алу құқығына ие.
Зейнетақы аннуитетінің басты артықшылығы – аударылған жинақ көлеміне қарамастан, төлемдердің өмір бойы жүргізілуі.
2026 жылға арналған қажетті жинақ сомалары
2026 жылы зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін қажетті жинақ мөлшері:
- ерлер үшін – 10 715 001 теңге;
- әйелдер үшін – 14 039 988 теңге;
- міндетті кәсіби жарналары бар ерлер үшін – 8 713 438 теңге;
- міндетті кәсіби жарналары бар әйелдер үшін – 11 667 514 теңге.