Алматы тауларында фонарь өмірге деген үмітке айналды

1276
Анастасия Ким Редактор
Фотосурет: Gov

Алматы тауларында SOS сигналы бір адамның өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Алматы таулары тағы бір мәрте адам қателігін кешірмейтінін көрсетті. Кеше кешке Медеу ауданындағы таулы аймақта болған оқиға жас жігіт үшін қайғылы аяқталуы мүмкін еді. Алайда қараңғылықта жарқыраған бір кішкентай фонарь мен уақытында берілген SOS сигналы оның өмірін сақтап қалды.

Оқиға «Мыңжылқы» үстірті маңында болған. Таудан түсіп келе жатқан туристер тобы түн ортасында алыстан әлсіз жанып-сөнген жарықты байқайды. Қашықтық тым алыс болғандықтан, ешқандай дауыс естілмеген. Бірақ тәжірибелі туристер бұл кездейсоқ жарық емес, көмек сұраған белгі екенін бірден түсінген.

Дереу құтқару қызметіне хабар беріліп, оқиға орнына ТЖМ-нің «Барыс» жасағы аттанды.

Құтқарушылар жеткен кезде жағдайдың қаншалықты қауіпті екені белгілі болды. 1996 жылы туған жігіт ешқандай арнайы дайындықсыз және жабдықсыз тік жартасқа шықпақ болған. Жотамен жалғыз жүрген ол тайып кетіп, құлау кезінде ішінде жылы киімдері бар рюкзагінен айырылған. Рюкзак төменге ұшып кеткен, ал өзі тар ғана белдеуде қалып қойған.

Үстінде — жеңіл спорттық костюм, қолында — кішкентай фонарь. Байланыс жоқ, қозғалу мүмкін емес. Өздігінен түсе алмаған соң, жігіт бар үмітін сол фонарьға артып, SOS сигналын бере бастаған.

Құтқару операциясы шамамен бес сағатқа созылды. Мамандар күрделі өрмелеу жұмыстарын жүргізіп, кәсіби сақтандыру құралдарының көмегімен жартастың жоғары жағынан төмен түсуге мәжбүр болды. Ақырында олар жігітке жетіп, дауыс арқылы байланыс орнатты.

Алдымен зардап шегушіге ыстық шай беріліп, үстіне жылы күртеше кигізілді. Кейін ол аман-есен төменге түсірілді. Абырой болғанда, медициналық көмек қажет болмады.

Бұл оқиға — тауға шыққысы келетін әр адам үшін маңызды сабақ. Тау серуенді, селфиді немесе «жеңіл приключениені» кешірмейді. Арнайы жабдықсыз, тәжірибесіз және байланыс құралынсыз тауға шығу — өз өміріңізге ғана емес, сізді құтқаруға баратын мамандардың өміріне де үлкен қауіп төндіреді.

Қарапайым фонарь, толық зарядталған телефон және ең бастысы — жауапкершілік кейде адам өмірін сақтап қалатын жалғыз мүмкіндік болуы мүмкін. Алматы таулары әдемі, бірақ олар әрқашан байыптылықты талап етеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -