Қазақстанда дайындалып жатқан жаңа Конституция жобасы қоғамның нақты сұранысына сай толықтырылып келеді. Азаматтар, қоғамдық ұйымдар, ғалымдар мен заңгерлер қауымдастығынан түскен ұсыныстар негізінде құжатқа бірқатар маңызды өзгерістер енгізілді. Бұл жаңашылдықтар Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның оныншы отырысында Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов тарапынан таныстырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Айтылған ұсыныстардың басым бөлігі қоғамдағы белсенді процестер мен құндылықтарды құқықтық деңгейде бекітуге бағытталған. Соның ішінде волонтерлік қызметке ерекше мән беріліп отыр.
Волонтерлік - Конституция деңгейінде
Комиссия отырысында Бақыт Нұрмұханов волонтерлік қызметті конституциялық деңгейде бекіту жөнінде ұсыныстар түскенін айтты. Бұл бастама қолданыстағы «Волонтерлік қызмет туралы» Заңмен үндес әрі қоғамның дамуы мен қоршаған ортаны қорғауда волонтерлердің рөлі артып келе жатқанын ескереді.
«31-баптың 2-тармағында Қазақстан Республикасында ерікті әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандырудың өзге де нысандарын құру, волонтерлік қызмет және қайырымдылықтың ынталандырылатыны жөнінде толықтыру енгізілді», – деді Конституциялық сот төрағасының орынбасары.
Оның айтуынша, бұл норма жеке бір бағытты ғана емес, жаңа Конституция жобасының жалпы рухын толықтырады. Атап айтқанда, Преамбулада және түбегейлі қағидаттарда көрініс тапқан жауапты және жасампаз патриотизм, еңбекқорлық пен қоғамдық жауапкершілік сияқты құндылықтармен өзара тығыз байланысты.
Құрылтайға қатысты өзгерістер
Жобадағы тағы бір маңызды өзгеріс Құрылтайдың қызметін ұйымдастыру мәселелеріне қатысты. Бақыт Нұрмұханов комитеттер мен комиссиялардың құрылу тәртібі, өкілеттіктері мен қызметін ұйымдастыруды заңмен айқындайтын 59-баптың 3-тармағын алып тастауды ұсынды.
Ол бұл мәселелердің қазірдің өзінде арнайы заңдар мен регламенттер арқылы реттеліп отырғанын еске салды. Атап айтқанда, олар Конституциялық заңдарда және Парламенттің ішкі құжаттарында нақты жазылған.
«Бұл түзету аталған Конституциялық заңда осы мәселелерді қамтуға және оларды құқықтық реттеу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ол.
Мұндай қадам құқықтық жүйені ықшамдап, Конституция мен салалық заңдардың арасындағы шекараны нақтылауға бағытталған.
Түсінікті тіл мен бірізді ұғымдар
Сонымен қатар Конституция жобасының мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндерін жетілдіру жұмыстары да жалғасып жатыр. Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, жұмыс тобы құқықтық нормалардың мазмұнын барынша түсінікті әрі қолжетімді етуге күш салып отыр.
Формулировкаларды оңтайландыру кезінде терминологиялық және семантикалық бірыңғайлыққа ерекше назар аударылуда. Бұл жұмысқа Үкімет, Парламент, Президент Әкімшілігі, Конституциялық комиссияның редакциялық-терминологиялық жұмыс тобы, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының мамандары мен кәсіби лингвистер тартылған. Нәтижесінде жекелеген редакциялық және стилистикалық түзетулер енгізілді.
Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгерістер жаңа Конституцияның формалды құжат емес, азаматтарға түсінікті, қоғаммен үндес әрі заманауи құқықтық негіз болуына жол ашады. Волонтерлікті қолдау, институттық нормаларды нақтылау және тілдік сапаға басымдық беру - реформаның басты ерекшелігі де осы.