Қазақстанда елдің болашақ бағытын айқындайтын маңызды құжат - жаңа Конституция жобасы кеңінен талқыланып жатыр. Осы ретте Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен жаңа Ата Заңның негізгі мәні мен мазмұнына арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Н.Байбулин/Gov
Іс-шараға Сенат депутаттарымен қатар сарапшылар қауымдастығының өкілдері, ғылыми және талдау орталықтары, салалық институттар, сондай-ақ Сенат жанындағы Сарапшылар клубы мен Taldau Community мүшелері қатысты. Форматтың өзі-ақ бұл талқылаудың жабық кабинет аясынан шығып, қоғаммен ашық диалогқа бағытталғанын көрсетті.
Реформалардың түпкі мәні неде
Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан реформалардың стратегиялық сипатына тоқталды. Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасы қоғамның саяси жүйені терең жаңғыртуға деген нақты сұранысынан туындап отыр.
Н.Байбулин/Gov
«Конституциялық реформа – Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздегі саяси жүйені терең және жүйелі жаңғыртуға бағытталған бастамаларының заңды әрі дәйекті жалғасы. Жаңа Конституция жобасының негізі заң мен тәртіп қағидатына, азаматтардың мүдделері мен құқықтарына, сондай-ақ, табиғатты қорғауға жауапкершілікпен қарауға және орнықты даму бағдарына табан тірейді. Бұл – бекітілген нақты конституциялық нормалар арқылы Әділетті Қазақстан идеясын жүзеге асырудың айқын көрінісі», – деді Мәулен Әшімбаев.
Бұл сөздер жаңа Ата Заңның жай ғана құқықтық түзетулер жиынтығы емес, ел дамуының жаңа логикасын қалыптастыратын құжат екенін аңғартады.
Н.Байбулин/Gov
Тарихи құжат және ашық процесс
Сенат Төрағасы жаңа Конституция жобасын Қазақстанның даму философиясын жаңартып, мемлекеттіліктің жаңа кезеңін айқындайтын тарихи құжат ретінде бағалады. Сонымен қатар ол құжатты әзірлеу барысындағы ашықтыққа ерекше назар аударды.
«Конституциялық комиссияның жұмысы ашық және жария түрде жүргізілуде. Отырыстар тікелей эфирде көрсетіліп жатыр. Комиссияға азаматтардан көптеген өтініш-ұсыныс келіп түскені де белгілі. Іс жүзінде жаңа Конституция кең ауқымды қоғамдық талқылау барысында қалыптасуда. Бүгінгі дөңгелек үстел – осы ауқымды әрі жауапты диалогтың бір бөлігі. Алдағы кезеңде Конституцияда айқындалған құндылықтар мен идеяларды нақты тетіктерге, болашақ заңдар мен құқық қолдану тәжірибесіне көшірудің маңызы зор», – деді ол.
Н.Байбулин/Gov
Бұл жерде басты мәселе - қағаздағы нормалардың өмірде нақты жұмыс істеуі.
Сарапшылар не дейді
Дөңгелек үстел барысында Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері Жақып Асанов, Ольга Перепечина, сондай-ақ Сенаттың профильді комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров сөз сөйледі. Олар жаңа Конституцияның құқықтық жүйеге, сот тәжірибесіне және мемлекеттік басқаруға ықпалын талқылады.
Н.Байбулин/Gov
Сондай-ақ сарапшылар қауымдастығы өкілдері Ата Заң жобасына қатысты өз пікірлерін ортаға салды. Талқылау барысында азаматтардың құқықтарын қорғау, билік тармақтарының теңгерімі, орнықты даму және қоғамның шешім қабылдау үдерістеріне қатысуы секілді мәселелер қозғалды.
Н.Байбулин/Gov
Алдағы қадам қандай
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар конституциялық реформаны сараптамалық тұрғыда сүйемелдеудің маңызын атап өтті. Диалог мұнымен аяқталмайды - керісінше, жаңа кезеңге өтеді.
Н.Байбулин/Gov
Жаңа Конституция төңірегіндегі талқылау бүгінде тек заңгерлер мен саясаткерлердің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ әңгімесіне айналып отыр. Бұл - Қазақстанның өз болашағын қайта ой елегінен өткізіп, қандай мемлекет болғысы келетінін айқындап жатқан сәті. Ал мұндай сәттер тарихта сирек кездеседі.