Қазақстанда жаңа Конституция жобасына қатысты талқылаулар жаңа кезеңге өтті. Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның 12-ші отырысында Мәжіліс депутаты, Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов құжаттың маңыздылығына тоқталып, оның өңірлерде кеңінен қолдау тапқанын мәлімдеді. Сонымен бірге ол жобаны жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсынды, деп хабарлайды DKNews.kz.
«Әділетті Қазақстан» – мемлекеттік дамудың бағдары
Депутаттың айтуынша, жаңа Конституция жобасының басты ерекшелігі – «Әділетті Қазақстан» қағидатының Преамбула мен жалпы ережелер деңгейінде бекітілуі.
«Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы алғаш рет Преамбула мен жалпы ережелер деңгейінде мемлекеттік дамудың іргелі бағдары ретінде «Әділетті Қазақстан» құндылығын белгіледі. Әділетті Қазақстан қағидаты Қазақстан Халық партиясы толық қолдайтын әлеуметтік әділеттілікті білдіреді. Әділетті Қазақстан – «Заң мен Тәртіп» қағидатын сөзсіз ұстанатын ел; тең мүмкіндіктер елі, кепілдендірілген құқықтар мен бостандықтар елі», – деді депутат.
Бұл жерде сөз тек құқықтық нормалар туралы ғана емес, мемлекеттің идеологиялық және құндылықтық бағыты туралы болып отыр. Яғни, болашақ даму моделі әлеуметтік әділеттілік пен заң үстемдігіне негізделмек.
Келісім мен сабақтастыққа басымдық
Магеррамов тарихи сабақтастық пен ұлттық құндылықтардың маңызын да атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституцияның Преамбуласында этносаралық және конфессияаралық келісім қоғамдық бейбітшілік пен орнықты дамудың негізгі шарты ретінде айқындалған.
Сонымен қатар, еңбек етуге құқық туралы норма ерекше қолдау тапқан. Бұл әлеуметтік бағыттағы баптардың қоғам үшін өзектілігін көрсетеді.
Мемлекеттік биліктің жаңа құрылымы
Институционалдық өзгерістерге тоқталған депутат мемлекеттік биліктің жаңа архитектурасын атап өтті. Жоба бірпалаталы Парламентті, «Халық кеңесі» атты жоғары консультативтік органды құруды көздейді.
Магеррамовтың айтуынша, жаңа модельде мемлекет тек процестерді басқарушы құрылым емес, азаматтарға қызмет ететін жүйе ретінде қалыптасады. Бұл басқару философиясының өзгеруін білдіреді.
Өңірлердегі қолдау
Депутат жобаның ел ішінде кеңінен талқыланғанын және қолдау тапқанын айтты.
«Мен қазақстандықтардың басым көпшілігінің жаңа Конституция жобасын толық қолдайтынын сеніммен айта аламын. Мұны тек Комиссияның ғана емес, сонымен қатар еліміздің барлық өңірлеріндегі жаңа Конституция жобасын әртүрлі қоғамдық, әлеуметтік топтармен, қоғамдық ұйымдармен және еңбек ұжымдарымен талқылау аясында кездесулерді өткізген Халық партиясы филиалдарының жұмысына байланысты айтып отырмын», – деді ол.
Оның айтуынша, Мәжілісте Қазақстан Халық партиясы фракциясының бастамасымен кеңейтілген отырыс өтіп, оған барлық филиалдар, сарапшылар, ғылыми және заң қоғамдастығының өкілдері, кәсіпкерлер мен үкіметтік емес ұйымдар қатысқан. Шамамен 100 адам жиналған бұл кездесуде азаматтар жаңа Конституция жобасына бірауыздан қолдау білдірген.
Референдум – келесі қадам
Сөз соңында Магеррам Магеррамов жобаны жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсынды.
«Жаңа Конституцияның жобасы – өткен кезең мен бүгінгі басымдықтарды түсіне отырып, Қазақстанның болашақтағы жаңа бағдары туралы шешім қабылдаған халықтың бірлігі мен біртұтастығының белгісі деп айтуға болады. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, біз жаңа Конституцияның жобасын жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсынамыз», – деп қорытындылады ол.
Егер бұл ұсыныс қолдау тапса, елдің басты құжатының тағдырын тікелей азаматтардың өзі айқындайтын болады. Ал бүгінгі талқылаулар – Қазақстанның болашақ бағытын анықтайтын шешуші кезеңге айналып отыр.