Жаңа Конституция жобасы дайын: Комиссия құжатты референдумға шығаруды ұсынды

836
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: © Sputnik / Абзал Қалиев

Қазақстанда жаңа Ата Заң жобасы бойынша көп айға созылған талқылау мәресіне жетті. Конституциялық комиссия құжатты пысықтауды аяқтап, оны республикалық референдумға шығаруды ұсынды.

Gov

Бұл туралы Конституциялық Соттың Төрайымы - Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның төрайымы Эльвира Әзімова мәлімдеді. Ендігі түпкілікті шешімді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдайды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Ашық талқылау, мыңдаған ұсыныс

Эльвира Әзімова сөз басында жаңа Конституция жобасына ұсыныс білдірген азаматтарға, сарапшыларға, заңгерлерге, ғалымдарға, лингвистерге және қоғамдық ұйымдарға алғыс айтты. Оның айтуынша, құжат жабық кабинетте емес, қоғаммен бірлесе отырып әзірленді.

«Біз әрбір уәжді жан-жақты саралап, халықаралық тәжірибе мен ұлттық мүддені өзара сабақтастыра отырып, салмақты шешімдер қабылдауға ұмтылдық», – деді ол.

Комиссияның басты миссиясы басынан айқын болды - азаматтардың көпшілігінің еркін көрсететін, құқықтар мен міндеттердің тепе-теңдігін сақтайтын, мемлекеттілікті нығайтатын және адам құқықтарын қорғайтын үйлесімді Ата Заң үлгісін әзірлеу.

Құжат түбегейлі жетілдірілді

Комиссия төрайымы бірнеше отырыс барысында талқыланған мәтін елеулі түрде жетілдірілгенін атап өтті.

«Сіздермен бірнеше отырыс барысында талқыланған мәтін түбегейлі жетілдіріліп, түскен ұсыныстар ескерілді. Азаматтар, заңгерлік және азаматтық қауымдастықтар, сараптамалық алаңдардан түскен бастамалардың басым бөлігі жан-жақты талданды. Көптеген баптар тікелей жобада көрініс тапса, басқалары мәтіндік нұсқада және концептуалдық шешімдерге әсер етті», – деді комиссия төрайымы.

Жаңа жобаға адвокат мәртебесі, меншік құқығының кепілдіктері, мемлекет келтірген зиянды өтеу құқығы, экологиялық қауіпсіздік және азаматтық мәселелері жөніндегі нормалар енгізілді.

Қазақша мәтіннің сапасына ерекше көңіл бөлінген - терминология жаңартылып, заманауи талаптарға сәйкестендірілген. Өтпелі кезеңге қатысты ұсыныстар да ескерілген.

Ашық форматтағы конституциялық үдеріс

Эльвира Әзімованың айтуынша, мұндай ауқымды жұмыс Еуразия кеңістігінде алғаш рет толық ашық форматта жүргізілді.

«Барлық отырыстар онлайн режімде трансляцияланды. Мұны қоғамды Конституциялық үдеріске тартудың жаңа моделі деп қабылдауға болады», – деп атап өтті ол.

Бұл тәсіл Конституция талқылауын тек сарапшылар шеңберінен шығарып, бүкіл қоғамға қолжетімді етті.

Конституция - бағыт пен бағдар

Комиссия төрайымы Конституцияның мәнін де түсіндірді. Оның айтуынша, Ата Заң бүкіл нормативтік құқықтық жүйеге бағыт-бағдар береді, негізгі қағидаттарды, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, мемлекеттілік пен ұлттық мүдделердің негізін бекітеді.

«Конституцияны шамадан тыс жүктеуге келмейді. Қалған мәселелерді Парламент пен мемлекеттік органдар қабылдайтын заңдар мен құқықтық актілер арқылы реттеу көзделген. Көптеген идеялар алдағы заң шығару жұмысының негізіне айналып, конституциялық баптарды нығайтып, әрі қарай дамытуға ықпал етеді», – деді Эльвира Әзімова.

Соңғы сөз - халықта

Комиссия мүшелерінің басым бөлігі жобаны республикалық референдумға шығаруды қолдаған.

«Осыған байланысты, комиссия мүшелерінің және азаматтардың көпшілігінің пікірін ескере отырып, Мемлекет басшысына жаңа Конституцияның пысықталған жобасын республикалық референдумға шығаруды ұсыну қажет деп санаймын», – деді комиссия төрайымы.

Оның айтуынша, референдум өткізу әрбір азаматқа өзінің конституциялық құқығын жүзеге асырып, елдің болашағына қатысты пікір білдіруге мүмкіндік береді.

«Мемлекет басшысы референдум өткізу туралы шешім қабылдаған жағдайда, Конституциялық комиссияның миссиясы өз мәресіне жеткен боп саналады. Жаңа Ата Заң әділеттілік, тұрақтылық және қоғамдық сенімнің берік негізіне айналуы тиіс. Ол мемлекеттілікті нығайтып, әрбір адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғай отырып, еліміздің дамуының сенімді бағытын айқындайды», – деп қорытындылады Эльвира Әзімова.

Ендігі кезең - саяси шешім мен халықтың таңдауы. Егер референдум өткізілсе, Қазақстанның басты құжатының тағдырын азаматтардың өзі айқындайды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -