Коньки спортынан әлем чемпионатының жүлдегері, жастар арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Құдайберген Теміржанов бүгінде спорт аренасында емес, әскери сапта. Танымал спортшы Алматы гарнизонындағы 78460 әскери бөлімінде мерзімді қызметін өтеп жүр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жас чемпион кәсіби спорт пен әскери борышты қатар алып жүрудің нақты үлгісін көрсетіп отыр.

Спорт пен сап түзеген тәртіп
Құдайберген Теміржанов – ел чемпионы, коньки спортынан спорт шебері, жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Сонымен қатар нео-сеньорлар арасындағы әлем кубогы кезеңдерінде жүлделі орындарға ие болған.
2024–2025 жылдары Қазақстан чемпионаттары мен кубоктарында бірнеше мәрте жеңіс пен жүлделі орындарға қол жеткізді.
Бүгінде ол әскери қызметін «Сарбаз+» жобасы аясында атқарып жүр. Бұл жоба әскери қызметшілерге:
- Кәсіби дағдыларын жетілдіруге
- Цифрлық бағыттар бойынша білім алуға
- Шет тілдерін меңгеруге
- Жоғары дене дайындық деңгейін сақтауға
мүмкіндік береді.

«Әскердегі тәртіп спортқа ұқсайды»
Қатардағы жауынгер Теміржановтың айтуынша, жоба оған ағылшын тілін үйренуге, IT бағыттарын меңгеруге және ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды басқаруды игеруге жол ашқан. Сонымен бірге әскери бөлімнің спорт залында тұрақты жаттығу жасап, спорттық формасын сақтап келеді.

«Әскердегі тәртіп кәсіби спорттағы талаптарға өте ұқсас. Ерте тұру, күн тәртібін сақтау, физикалық дайындық – мұның бәрі маған таныс»
Таңғы саптық дайындық, атыс жаттығулары, далалық жорықтар секілді қарқынды режимге спортшы тез бейімделген. Ол әскери ортада пікірлес достар тауып, спорттағы тәжірибесін әріптестерімен бөлісіп жүр.

Патриотизм мен кәсіби спорттың үйлесімі
Қорғаныс министрлігі мұндай мысалдардың жастар үшін маңызды екенін атап өтті. Ведомствоның мәліметінше, кәсіби спортшылардың армияда борышын өтеуі:
- Патриоттық құндылықтарды нығайтады
- Қарулы күштердің беделін арттырады
- Жастарға нақты үлгі көрсетеді
Құдайберген Теміржановтың әскери қызметі – спорт пен азаматтық жауапкершіліктің үйлесімді ұштасуының айқын көрінісі. Әлемдік аренадан армия сапына дейінгі жол оның тек мықты спортшы ғана емес, жауапты азамат екенін де дәлелдейді.