Жаңа Конституция референдумға шығарылды: Қазақстанда не өзгереді

1441
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Gov

2026 жылғы 15 наурыз – ел тарихындағы маңызды күндердің бірі болғалы тұр. Президент республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Дауысқа Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасы шығарылады. Бұл шешім Конституциялық реформа жөніндегі комиссия жұмысының аяқталғанын білдіреді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Конституциялық Сот Төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі Конституциялық комиссияның Төрағасы Эльвира Әзімова жаңа құжаттың қалай әзірленгенін және онда қандай өзгерістер бар екенін егжей-тегжейлі түсіндірді.

12 отырыс, 10 мың ұсыныс

Комиссия 2026 жылғы 21 қаңтарда құрылды. Оның алдында ауқымды міндет тұрды – заманауи сын-қатерлерге жауап беретін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын күшейтетін, мемлекеттің стратегиялық бағытын айқындайтын жаңа Конституция жобасын дайындау.

Жұмыс барысында 12 отырыс өтті. Бірақ талқылау тек ресми кездесулермен шектелген жоқ.

«Комиссия 12 отырыс өткізді. Оның әрқайсысы мазмұнды кәсіби диалогтың, байыпты пікірталастардың және дәйекті уәждерге негізделген талқылаулардың алаңына айналды. Біз Комиссия мүшелерінің, азаматтардың, сарапшылардың, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің сан алуан пікірлерін тыңдадық. Тіпті сын тұрғысынан айтылған пікірлердің өзі мәтінді жетілдіруге түрткі болды».

Комиссия құрамында түрлі саланың 130 өкілі жұмыс істеді. Сонымен қатар тақырыптық жұмыс топтары құрылып, халықпен және сарапшылармен кездесулер ұйымдастырылды. Еуразия кеңістігінде алғаш рет конституциялық реформа онлайн-трансляция арқылы ашық форматта талқыланды.

31 қаңтарда жоба жалпы халықтық талқылауға ұсынылды. Қоғамдық қызығушылық жоғары болды – шамамен 10 мың ұсыныс түсті.

«Ағымдағы жылдың 12 ақпанында республикалық референдумға шығарылған Ата заңның жобасынан түскен ұсыныстар ескеріліп, едәуір жетілдірілгенін байқауға болады. Көптеген ұсыныстар жоба мәтінінде тікелей көрініс тапты немесе жаңа Конституцияның бірқатар ережелеріне тұжырымдамалық тұрғыдан ықпал етті. Бұл – тек Комиссия мүшелерінің ғана еңбегі емес. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ жұмысы».

Негізгі өзгерістер қандай

Жаңа жобада бірқатар маңызды жаңалық бар. Соның бірі – тұрғын үйге қол сұғылмаушылық кепілдігін күшейту. Енді тұрғын үйден тек сот шешімімен ғана айыру немесе шығару мүмкін болады.

Алғаш рет азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау нормасы бекітілді. Бұл – заманауи цифрландыру дәуіріндегі жаңа конституциялық деңгейдегі кепілдік.

Білім, ғылым, мәдениет және инновация салалары адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарына қатысты бөлімде айрықша орын алады.

Жоба бір палаталы Құрылтайға көшу мәселесін де қамтиды. Депутаттарды сайлау тәртібі, лауазымды тұлғаларды сайлау және тағайындау қағидаттары, жаңа Конституцияның күшіне ену мерзімі және 1995 жылғы Конституцияның қолданысын тоқтату тетіктері нақты көрсетілген.

Сонымен бірге, басты құндылықтар өзгеріссіз қалады.

«Жаңа Конституция жобасында Қазақстан Республикасының Егемендігі мен Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы және басқару нысаны өзгермейтін құндылықтар ретінде сақталатынын тағы да ерекше атап өткім келеді».

Билік тепе-теңдігі және халықаралық стандарттар

Жоба билік институттары арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған. Бұл адам құқықтарының тең әрі толық сақталуына кепілдік береді және жаһандық сын-қатерлер жағдайында мемлекеттілікті нығайтуға ықпал етеді.

Конституция мәтіні халықаралық конституциялық ұстанымдарға сай әзірленген. Негізгі стратегиялық бағыттар Конституцияда бекітіледі, ал нақты тетіктер заңдар арқылы реттеледі.

«Бұл – жай ғана мәтін емес»

Эльвира Әзімова жаңа жобаның мәнін ерекше атап өтті.

«Бұл – жай ғана мәтін емес. Бұл – еліміздің басты құжатының көрінісі, әділеттілікке, тұрақтылыққа, үйлесімді дамуға және нық қадаммен алға жылжуға деген ортақ үмітіміздің айғағы».

15 наурыздағы референдум – тек заңнамалық өзгеріс емес, азаматтық жауапкершіліктің көрінісі болмақ.

«Алда – референдум. Бұл – ортақ жолымыздың жаңа белесі. Бұл қадам азаматтық кемелдігіміздің, жауапкершілігіміздің және конституциялық әділеттілікке деген ұмтылысымыздың жарқын көрінісіне айналсын дегім келеді».

Енді шешімді қазақстандықтар қабылдайды. Жаңа Конституция елдің құқықтық архитектурасын ондаған жылдарға айқындауы мүмкін.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -