Түркістан облысында конституциялық реформаларды қолдау және халыққа жан-жақты түсіндіру мақсатында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты өңірлік коалиция ресми түрде құрылды. Бұл бастама – алдағы референдум қарсаңындағы жүйелі жұмыстың маңызды кезеңі, деп хабарлайды DKNews.kz.
Өңірлік коалицияның құрамына бес саяси партияның облыстық филиалдары, мәслихат депутаттары, беделді қоғам қайраткерлері, тәжірибелі заңгерлер, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, сарапшылар енді. Барлығы – 457 адам. Олар облыстың барлық аудан-қалаларын қамтып, түрлі санаттағы тұрғындармен 1959 кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Негізгі мақсат – жаңа Конституция жобасындағы құқықтық нормалардың мәнін түсіндіру және халықпен ашық диалог орнату.

1 миллионнан астам сайлаушысы бар өңір
Түркістан облысында 1 миллион 195 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Алдағы референдумды қолдау және ұйымдастыру жұмыстарын үйлестіру үшін партия филиалдары жанынан 18 өңірлік коалиция құрылған. Оның құрамында «AMANAT», «Ауыл», «Ақ жол», «Қазақстан Халықтық партиясы» және Respublica партияларының өкілдері бар.
«Жаңа Конституция – стратегиялық құжат»
Жиынды ашқан «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі, өңірлік коалиция төрағасының орынбасары Алтынсары Үмбетәлиев Жалпыұлттық коалицияның құрылуы қоғамның ортақ мақсат жолында топтасқанын көрсететінін атап өтті.

«Жаңа Конституция елдің тұрақты дамуына серпін беретін стратегиялық құжат. Онда азаматтардың құқықтарын қорғау, әділдік қағидаттарын орнықтыру және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру көзделген. Біздің міндет – осы өзгерістердің мәнін халыққа нақты әрі түсінікті жеткізу», – деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.

Оның айтуынша, коалиция жұмысының басты бағыты – әрбір тұрғынға реформалардың мазмұнын қарапайым тілмен түсіндіру.
«Бұл – сапалық жаңа кезең»
«AMANAT» партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, өңірлік коалиция төрағасының орынбасары Қалыйма Жантөреева бұл бастаманың маңызын ерекше атап өтті.

«Елордада еліміздің жетекші қоғамдық-саяси күштері Жалпыұлттық коалиция аясында біріккені – қоғамның жаңа Конституцияға деген жауапкершілігін көрсетеді. Бұл құжат тек құқықтық реформа ғана емес, ол мемлекет дамуының жаңа сапалық кезеңіне өтуге бағытталған. Заң үстемдігі, әділдік және азаматтардың құқықтарын қорғау оның негізгі тіректері», – деді ол.
«Тарихи шешім»
Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы, өңірлік коалиция төрағасының орынбасары, Конституциялық реформа жөніндегі кеңес мүшесі Нұралы Әбіш жаңа Конституция жобасының ұсынылуы елдің саяси және құқықтық дамуының жаңа кезеңін айқындаған тарихи қадам екенін жеткізді.

«Алдағы негізгі жұмыс реформалардың мазмұнын халыққа жан-жақты түсіндіру. Әр азамат оның маңызын терең ұғынуы тиіс», – деп атап өтті ол.
Қазақстан Халықтық партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Искак Ахметов пен Халықаралық туризм және меймандостық университетінің профессоры Сабит Баймаханбетов те сөз алып, реформалар ұзақ жылдар бойы қалыптасқан қоғамдық сұраныстың нәтижесі екенін айтты. Олардың пікірінше, бұл өзгерістер бәсекеге қабілетті әрі заманауи мемлекет қалыптастырудың берік негізін қалайды.

Алда – ауқымды түсіндіру жұмысы
Өңірлік коалицияның құрылуы – конституциялық реформаларды кеңінен насихаттаудың тиімді құралы. Алдағы уақытта коалиция мүшелері халықпен ашық кездесулер өткізіп, жаңа құқықтық нормалардың мазмұнын жүйелі түрде түсіндіреді.

Түркістанда басталған бұл бастама – қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыруға бағытталған қадам. Ендігі міндет – әрбір сайлаушыға реформалардың мәнін жеткізу және саналы шешім қабылдауға мүмкіндік беру.