Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Созақ ауданына жұмыс сапарымен барып, Шолаққорған ауылдық округінде табиғи газбен жабдықтау желілерін іске қосу рәсіміне қатысты. Бұл – аудан тарихындағы ерекше оқиға. Өйткені алғаш рет Созақ өңіріне «көгілдір отын» жеткізілді, деп хабарлайды DKNews.kz.


Аудан үшін тарихи сәт
Аймақ басшысы бұл күннің маңызы зор екенін атап өтті. Бұған дейін облыстың барлық аудан-қалалары газбен қамтылған болатын. Тек Созақта ғана бұл мәселе шешілмей келген.

«Бүгін Сіздермен қарт Қаратаудың баурайындағы Созақ ауданында тарихи сәтте жолығып тұрмыз. Тарихи дейтін себебіміз – Шолаққорған ауылында табиғи газбен жабдықтау желілері іске қосылып, осындағы елдің арманы орындалып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында халықтың өмір сүру сапасын арттырып, ауылдық елді мекендерді әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Бұл бағытта Түркістан облысында ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Газбен қамту бойынша 2025 жылы облысымызда 87 нысанның құрылысы қолға алынды. Соның ішінде 45 жобаның құрылысы аяқталып, 70 мың халқы бар 41 елді табиғи газбен қамтылды. Өткен жыл қорытындысымен 606 елді мекен газбен қамтылып, 1,9 миллионнан астам тұрғын «көгілдір отынның» игілігін көрді. Бүгін іске қосылған жоба – сол жұмыстардың нақты нәтижесі. Созақтағы АГТС-ы бар магистральды газ құбырының маңызы айрықша. Себебі бұған дейін облысымыздың барлық аудан, қаласы газбен қамтылса, тек Созақта ғана бұл мәселе шешілмеген еді. Мінеки, игілікті іс осында да жалғасты. Енді Созақ тұрғындары да газдың игілігін көріп, тұрмыс сапасын жақсартады. Сонымен бірге экологияны жақсартуға, инвестиция тартып, кәсіпкерлікті дамытуға жол ашылады», – деді Нұралхан Көшеров.
Жобаның негізгі көрсеткіштері
Газ желілері ресми түрде іске қосылып, тұрғын үйлердің бірінде символикалық түрде газ жағу рәсімі өтті.

Жобаның құны 4,1 млрд теңге болды. Құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталды. Нысан 2025 жылдың желтоқсанында толық аяқталды.
Жүйенің қуаттылығы сағатына 30 мың текше метрді құрайды. Толық іске қосылғанда 4600 тұрғын үй табиғи газға қосылады.
Газ келсе – өмір сапасы өзгереді
Жоба тек тұрмыстық жағдайды жақсартумен шектелмейді. Ол экологияны жақсартуға ықпал етеді. Жаңа кәсіпкерлік жобалардың іске қосылуына мүмкіндік береді. Әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына серпін береді.
Сондай-ақ жаңа автоматтандырылған газ тарату станциясы арқылы ауданның басқа елді мекендерін де кезең-кезеңімен газдандыру жоспарланып отыр.