Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Қазақстан археологиясындағы жаңа ашылымдар – 2025» көрмесінің ашылу рәсіміне қатысты. Экспозиция Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты мен Президент орталығының бірлесуімен ұйымдастырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Көрменің басты мақсаты — 2025 жылы еліміз аумағында жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижелерін және табылған бірегей жәдігерлерді көпшілікке таныстыру.
Ежелгі тарихқа жаңа көзқарас
Экспозиция тас дәуірінен бастап орта ғасырларға дейінгі кең хронологиялық кезеңді қамтиды.
Көрме:
- соңғы археологиялық жаңалықтарды таныстырады
- Қазақстанның ежелгі тарихына жаңа ғылыми көзқарас ұсынады
- ұлттық тарихи сананы нығайтуға ықпал етеді
Ерлан Қарин ұлттық тарихтың мемлекет үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
«Мемлекет ұлттық тарихқа ерекше назар аударып отыр. Оны бірегейліктің негізгі тіректерінің бірі ретінде қарастырады. Жаңа Конституция жобасының преамбуласындағы «Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтап» деген сөйлем – соның айғағы», — деді ол.
Тас дәуірінен табылған бірегей олжалар
Көрмеде алғаш рет көпшілікке тас дәуіріне тиесілі маңызды археологиялық жаңалықтар ұсынылды.
Олардың қатарында:
- «Тянь-Шань ориньяк» мәдениетіне қатысты олжалар (ерте палеолит, Жетісу)
- «Шідерті мәдениеті» ескерткіштері (кейінгі мезолит, Ертіс маңы)
- Тайсойған құмдарынан табылған энеолит дәуірінің жәдігерлері
Бұл жаңалықтар Қазақстан аумағындағы ежелгі мәдениеттердің дамуын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Сақ-сармат және орта ғасыр кезеңдері
Экспозицияда сақ-сармат дәуіріне арналған бөлім де ерекше назар аудартты.
Онда:
- көшпелі және отырықшы мәдениеттердің қалыптасуы
- археологиялық деректер негізіндегі тарихи үдерістер
- ежелгі қоғам құрылымы
көрсетілген.
Орта ғасыр бөлімі қимақтар, оғыздар және Алтын Орда кезеңіне арналған. Сонымен қатар:
- қалалық мәдениет
- керуен жолдары
- Ұлы Жібек жолының тарихы
туралы материалдар ұсынылған.
Ғылыми еңбектерге негіз болатын деректер
Ерлан Қарин көрмеде ұсынылған жәдігерлердің ғылыми маңызын ерекше атап өтті.

«Қазіргі таңда «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық академиялық басылым әзірленіп жатыр. Көрмеге қойылған жәдігерлердің дені осы еңбектің бірінші томына енгізілетін болады», — деді ол.
Бұл басылым еліміздің миллион жылдық тарихи кезеңін қамтиды.
Заманауи технологиялар қолданылған
Көрмеде заманауи цифрлық шешімдер кеңінен пайдаланылған.
Келушілер үшін:
- археологиялық нысандардың 3D модельдері
- қазба қабаттарының стратиграфиясы
- зертханалық талдау нәтижелері
- халықаралық жобалар туралы ақпарат
ұсынылған.
Мамандардың айтуынша, бұл формат көрмені ғылыми-танымдық цифрлық кеңістікке айналдырған.