2026 жылдың 23 қаңтарында Абай және Келес аудандарының үш тұрғыны ауыр жағдайда 2-деңгейлі инсульт орталығынан 3-деңгейлі Облыстық клиникалық аурухана жанындағы инсульт орталығына шұғыл жеткізілді. Дәрігерлердің жедел әрекетінің арқасында науқастарға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетіліп, олардың өмірі сақталып қалды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қауіпті диагноз анықталды
Тексеру барысында барлық науқастардан субарахноидальді қан кету және аневризмалық патология белгілері анықталды. Мамандардың айтуынша, бұл – әр минуты адам өмірі үшін шешуші саналатын, уақытпен санаспайтын аса қауіпті жағдай.
Жоғары технологиялық ота жасалды
Дәрігерлер шұғыл консилиум өткізіп, нейрохирургтер мен реаниматологтар селективті церебральді ангиография жүргізді. Кейін рентгенэндоваскулярлық әдіс арқылы аневризманы микроспиральдермен эмболизациялау, яғни баллон ассистенциясымен күрделі ота жасалды.
Мамандардың үйлесімді жұмысының нәтижесінде барлық хирургиялық араласулар сәтті өтті.
Науқастар оңалту кезеңінен өтуде
Отадан кейін науқастар «Интенсивті терапия» бөлімінде бақылауда болып, қауіпті кезеңнен өтті. Қазіргі таңда олардың жағдайы тұрақтанып, «Нейроинсульт» бөлімінде ерте кезеңдегі оңалту шараларынан өтіп жатыр. Емдеу мультидисциплинарлық тәсіл негізінде жүргізілуде.
Дәрігерлердің жеделдігі үш өмірді сақтап қалды
Бүгінде бір науқас үйіне шығарылды, қалған екі науқасты жағдайы толық тұрақтанған соң шығару жоспарланып отыр. Түркістан облысы дәрігерлерінің жедел әрі кәсіби әрекетінің арқасында үш адамның өмірі аман қалды. Науқастар мен олардың туыстары медицина қызметкерлеріне шынайы алғыстарын білдіруде.