Қазақстанда биыл 90 жаңа мектеп салу жоспарлануда

1243
Фотосурет: Gov

ҚР Оқу-ағарту министрлігі апатты және үшауысымды мектептер мәселесін шешу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Биыл ел бойынша 47 мыңға жуық оқушы орнына арналған 90 жаңа мектеп салу жоспарланған, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жаңа мектептер әртүрлі қаржы көздері есебінен салынады

Жаңа оқушы орындарын пайдалануға беру Арнайы мемлекеттік қор қаражаты, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, жергілікті бюджеттер және жеке инвестициялар тарту арқылы жүзеге асырылуда.

Жаңа мектептердің басым бөлігі Астана мен Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында салынып жатыр.

Мектептер заманауи кабинеттермен жабдықталуда

Оқу сапасын арттыру мақсатында химия, физика, биология, робототехника және STEM бағыттары бойынша 1000 заманауи пәндік кабинет сатып алынып, орнатылуда. Соңғы үш жыл ішінде жалпы саны 4320 пәндік кабинет білім беру ұйымдарына жеткізілді.

1300 мектепті жаңарту бағдарламасы іске асуда

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2029 жылға дейін бірыңғай заманауи мектеп инфрақұрылымы форматына көшу үшін 1300 мектепті реновациялау бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде 900 мектеп ауылдық жерлерде орналасқан.

Өткен жылы 209 мектепте жөндеу жұмыстары аяқталса, 2026 жылы тағы 98 білім беру нысанында реновация жалғасуда. Жаңарту барысында мектептерді күрделі жөндеу, пәндік кабинеттермен жабдықтау, жиһаздарды жаңарту, кітапханалар мен асханаларды жаңғырту, спорт залдарын салу немесе реконструкциялау, қоғамдық кеңістіктерді жабдықтау және қауіпсіздік жүйелерін орнату қарастырылған.

Соңғы үш жылда 584 мектеп пайдалануға берілді

2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 236 мыңға жуық оқушы орнына арналған 162 мектептің құрылысы аяқталды. Жалпы соңғы үш жыл ішінде 746 мың оқушы орнына арналған 584 мектеп пайдалануға берілді.

Министрлік бұл жұмыстар білім беру сапасын арттыруға, орын тапшылығын азайтуға және қауіпсіз оқу ортасын қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -